Әріптестік мәселелері талқыланды

512

0

Сейсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Корея Республикасының Қазақстандағы Бас консулы  Ким Хынг Су мырзаны қабылдап, екіжақты әріптестік мәселелерді талқылады.

Кездесуде аймақ басшысы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл 29 жыл толғанына тоқталып, елімізге қоныс аударылған корей ағайындардың ұрпақтары аймақ дамуына айтарлықтай үлес қосып жүргенін айтты.

– Өзіңізге белгілі, биыл тамызда Корея Республикасының патриоттар және ардагерлер істері жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль бастаған делегация өкілдерінің қатысуымен Кореяның даңқты ұлы Хон Бом Доның сүйегін еліне шығарып салу рәсімін жоғары дәрежеде өткіздік.

Сонымен бірге алдағы қараша айында облыстық делегацияның Корея Республикасына іссапары жоспарлануда. Іссапар аясында Чоллабук-до және Тэджон провинцияларының экономикалық әл-ауқатымен танысып, өзара ынтымақтастықты дамыту туралы екіжақты келіссөздер жүргізуге мүдделіміз. Бұл сапар Қызылорда облысы мен Корея Республикасы арасындағы экономикалық, мәдени-гуманитарлық, туристік байланыстарды одан әрі нығайтуға оң ықпал етеді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде мәртебелі мейман да аймақ басшысына алғыс айтып, тиімді әріптестік байланыс орнатуға қызығушылық білдірді.

– Сыр елі – қасиетті өлке, тарихи өңір және біздің халқымыз үшін бұл аймақтың маңызы зор. Біздің Чоллабук-до провинциясы мен Тэджон қаласы Қазақстан Республикасы, оның ішінде Қы­зылорда облысымен күріш өсіру, білім беру және медицина сала­ларында әріптестік орнатуға ниетті екенін атап өткім келеді, – деді Ким Хынг Су.

Корея Республикасының делегациясы Хон Бом До мемориалында бол­ды. Сапардың екінші күні меймандар «Қазақстан корейлері ассоциациясы» филиалының өкілдерімен кездесіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жұмысымен және ондағы «Корей бұрышымен» танысты.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<