Биыл – аймақ тарихы үшін айтулы жыл. Дәлірек айтсақ, алғашқыда Ақмешіт, кейіннен Қызылорда атанған қаламыздың Алашқа астана болғанына 100 жыл толып отыр. Алаш деп айқындап айтуымыздың себебі, сол жиырмасыншы жылдардың ортасында мұнда Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Темірбек Жүргенов, Ахмет Жұбанов сынды саяси қайраткерлер, әдебиет, мәдениет саласының белді тұлғалары қызмет еткен.
Ел астанасы Орынбордан Ақмешіт – Қызылордаға ауысқан 1925 жылы осыған дейін «киргиз» аталып келген халыққа қазақ атауы қайтарылған болатын. Қазақ Республикасының 1925-1929 жылдардағы астанасы болған Қызылорда шаһары – осындай маңызды шешім қабылданған айшықты орда. Сондықтан Сыр елінің тарихы ұлтымыздың өткенімен терең астасып жатыр.
Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Алаштың астанасы – Қызылорда» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Тарихи мәні зор кітап көрмесінің мақсаты – өңіріміздің өткені мен бүгінін бағамдау, туған жерімізді ұлықтау. Көрменің ашылуында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов, қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішев, қалалық «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа сөз сөйлеп, қала тарихына қатысты құнды деректерді қозғап, оқырманмен ой бөлісті.
«Даңқы асқан, тарихы дастан – Сыр елі», «Қызылорда астана болғанда», «Тарих айдынындағы тұлғалар», «Жыр-әннің елі, Тұранның төрі», «Жаңарып, жасанған шырайлы шаһар» тақырыптарымен топтасқан кітап көрмесі Қызылорда қаласының тарихи-жағрафиялық орналасуы, оның Тұран ойпатындағы алатын орны, тың деректер жазылған шаһарымыздың ертедегі тарихы және қазіргі көрінісі сипатталған 500-ден астам тарихи-танымдық жинақтар, фото-альбомдармен айшықталды.
Көрмені зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, қаламгерлер, ұстаздар, студент жастар мен мектеп оқушылары, қала тұрғындары тамашалады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<