Алғыс айту күні: Әскери борышын өтеп жүрген өзге ұлт өкілдері алғыс айтты

321

0

Фото: ашық дереккөз

ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 55/17 әскери бөлімінде өзге ұлт өкілдері де Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Орыс, татар, әзербайжан, қырғыз, өзбек, ұйғыр ұлтының өкілдері Алғыс айту күні туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

«Бұл күн қазақтардың бауырмал әрі қонақжайлылығының көрсеткіші десем артық айтқаным емес. Көктемнің жаймашуақ жылуымен тұспа-тұс келген мерекеде мен ата-анама, достарыма алғыс айтқым келеді. Қиын уақытта көмектесіп, қолдау мен қамқорлық көрсеткені үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін»,- деді 55/17 әскери бөлімі атқыштар ротасының сарбазы Саид Армединов. 

сарбаз
Фото: ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Ол Алматы облысы Кетпен ауылында дүниеге келген. 18 жастағы жігіт қазақ тілінде еркін сөйлейді.

«Өзім Алматы облысы Ұйғыр ауданынан келіп, Отан алдындағы борышымды өтеп жүрмін. Қазақ тілін еркін меңгерген соң менің жанымда дос көп. Отбасымызда қазақ тілінде сөйлейміз, мұнда да қазақтар арасында жолдас тауып, қуанып қалдым»,- деді ол.

55/17 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген Фарух Туғалов Түркістан облысының тумасы. Ол қазақ мектебінде білім алған, тіпті домбыра тартады.

сарбаз
Фото: ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

«Қазақстан – менің туған жерім. Ата-анам, бауырларым осында. Ұлтым тәжік болғанымен, тілім де, жүрегім де қазақ деп айтар едім. Өзім қазақ мектебінде білім алып, ұлттық аспап – домбыраны да үйреніп алдым. Алғыс айту күні біз үшін де үлкен әрі жауапты мереке. Бұл қиын-қыстау кезде қуаныш пен қайғыны бөлісіп, өзгелерге пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің ризашылығын айтуға мүмкіндік берілген шақ. Осы күні жанымдағы жанның бәріне алғыс айтамын. Алғыс айту – бұл адамның жүрегіне ерекше жылулық сыйлайтын керемет қасиет, адамгершіліктің жоғарғы көрсеткіші»,- деді қатардағы жауынгер Фарух Туғалов.

ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 55/17 әскери бөлімінде 400-ден астам қазақстандық әскери борышын өтеп жүр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<