Ана сүті – баланың өмір бойғы денсаулығының берік іргетасы

8

0

Ана сүті – жаңа туған нәресте үшін табиғи жолмен берілетін ең құнды тағам. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) нәрестені алғашқы 6 айда тек ана сүтімен қоректендіруді, оны 2 жасқа дейін жалғастыруды ұсынады. Себебі ана сүтінің құрамы баланың жасына, қажеттілігіне қарай өзгеріп, әр кезеңде ең қолайлы қоректік заттарды ұсынады.

Басқа тағамдардан басты айырмашылығы – өзгермейтін күрделі биологиялық құрылымында. Құрамы тәуліктің уақытына, ананың тамақтануына, баланың жасына байланысты өзгеріп, әр кезеңде ең пайдалы болып тұрады.

Ана сүті – нәрестенің алғашқы вакцинасы. Ондағы антиденелер баланы тыныс жолы инфекцияларынан, ішек ауруларынан, вирустық және бактериалдық инфекциялардан қорғайды. Құлақ қабынуы, тұмау, пневмония, іш өтуден сақтайды.

Ана сүтіндегі пайдалы май қышқылдары – ми жасушаларының құрылыс материалы. Зерттеулер көрсеткендей, омырау сүтін емген балалардың IQ көрсеткіші жоғары, тіл үйрену, есте сақтау қабілеті жақсы дамиды және нейрондардың байланысы жылдам қалыптасады.

Ана сүті нәрестенің әлсіз ас қорыту жүйесіне дәл бейімделген, іш қатуды азайтады, іш түйілуі алдын алады, аллергия қаупін төмендетеді, ішек микробиомын дұрыс қалыптастырады.

Ұзақ мерзімді ғылыми зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, ана сүтімен қоректенген балаларда семіздік қаупі, диабет, астма, аллергия, қан қысымының жоғары болуы өте сирек кездеседі. Бұл ана сүтінің метаболизмді реттейтін биологиялық белсенді заттарына байланысты.

Баланы тек сәбиге ғана емес, анаға да пайдалы, босанудан кейінгі жатырдың тез жиырылуына көмектеседі, қан кету қаупін азайтады, артық салмақтың табиғи жолмен кетуіне ықпал етеді, сүт безі және аналық без қатерлі ісігі қаупін төмендетеді және эмоциялық күйді тұрақтандырады.

Емізу кезінде ана мен бала арасында ерекше психологиялық байланыс қалыптасады. Бала өзін қауіпсіз сезінеді, анасы мен баласының эмоционалды үйлесімділігі күшейеді.

Ана сүті – нәресте үшін ең табиғи, ең толық, ең қорғанышты тағам. Сондықтан ана сүтімен қоректендіру – баланың өмір бойғы денсаулығының берік іргетасы.

Жанна НҰРБЕРГЕН,

Астана медицина университеті

академик Е.Дәленов атындағы

профилактикалық медицина ҒЗИ-дің

жетекші ғылыми қызметкері,

Жанар Қалмакова

гигиенист-дәрігер, нутрициолог,

Қызылорда жоғары медициналық колледжінің директоры