Ана сүті бой өсіреді

1275

0

Сурет: ашық дереккөз

Халқымызда «ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» деген қанатты сөз бар. Ертеден белгілі, ана сүтімен қоректендіру бала үшін де, ана үшін де маңызды. Ғылымда да ана сүтінің ақуызға, майларға, көмірсуларға, дәрумендерге, микроэлементтерге бай екендігі ерекше айтылады. Сондай-ақ, әйелдің босанғаннан кейінгі физикалық жағдайының жақсаруына да оң әсер етеді.

Жалпы ана сүті – емізулі сәбидің дене бітімі мен ой-санасының толыққанды дамуына ықпал ететін, баланың да, анасының да денсаулығына оңтайлы әсерін тигізетін, теңдесі жоқ қорек. Ана сүтін емген балалардың денсаулығы анағұрлым мықтырақ болады. Себебі ана сүті  асқазан-ішек аурулары мен іш өткізуді шақыратын патогендік бактериялардың ішекте дамуына жол бермейтін заттектерге бай. Ең маңыздысы – ол бала ағзасын жұқпалардан қорғайды, аллергия, диабет және дене салмағының даму мүмкіндігін азайтады. Бала миының дамуына қажетті алмастырылмайтын май қышқылдары да осы табиғи сүтте кездеседі.  Өкінішке қарай, кейінгі кезде жас аналар бала емізуді қиынсынып, жасанды тамақ бергенге әуестеніп алғанын көріп жүрміз. Қазір не көп сәбилерге арналған жасанды қосымша тамақтар көп. Бірақ олардың бәрі ана сүтіне жетпейді. Сондықтан жас аналарға айтар кеңесім, нәрестеңізді мейлінше ана сүтімен қоректендіріңіз әрі ұзақ емізген жөн.

Нәрестені емізер алдында қолыңызды міндетті түрде сабындап жуыңыз да, емшек сүтінің алғашқы екі-үш тамшысын сауып тастаңыз. Бұл әдістен сүт емшек ұшы арқылы енген микробтан тазарады. Сәбиді анасы әр екі жарым-үш сағат сайын 15-20 минуттан артық емізбеуі қажет. Егер бала мөлшерден артық еметін болса, емшек ұшы жарылып кетуі мүмкін. Сондай-ақ, екі жақты алмастырып емізген жөн. Егер сәби бір жағын дұрыс ембесе, онда қалғанын сауып тастаңыз.  Олай етпеген жағдайда, әлгі емшектің сүті тартылып, сәби оған жарымай қалатын болады. Ана сүтімен қоректендіру — бала өсірудің негізі. Сондықтан емізуді шектемеңіз. Оған қоса, мамандар нәрестені емшекпен қоректендіру анасындағы қаназдық, емшек безі обыры, ересек жастағы сүйек аурулары сияқты қауіп-қатерлерді төмендететінін айтады. Олай болса, жас ана, өз денсаулығыңызды әрі сәбиіңіздің саулығын ойласаңыз, нәрестеңізді емшек сүтімен қоректендіруден қашпаңыз!

Айгүл Әуезханова,

ана мен бала орталығының акушері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<