Аққұловтың даусы – көктің даусы

466

0

Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемұлы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Сыр сүлейлерінің жыраулық дәстүрін насихаттаушы, өнердің жанашыры Жұмабек Аққұлов туралы жазба жариялады. Өнердің өзі өкілі туралы жазбасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ол дәстүрлі өнердің орындаушысы ғана емес, зерттеушісі де, жоқтаушысы да. Сондықтан оны дүлдүл деп отырмын. Әлқисса, әуелі оны таныстырып алайын. Сосынғысын салмақтай берермін. Мәдениет қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Жұмабек Жарылқасынұлы 1943 жылы Жалағаш ауданы, «1 Май» ауылдық кеңесіне қарасты Жамбыл атындағы колхозда дүниеге келген. 1971 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Музыка және ән» бөлімін бітірген. 1994 жылға дейін Жалағаш ауданында балалар музыка мектебінде оқытушы, директор, аудандық оқу бөлімінде әдіскер қызметін атқарды. 1994 жылдан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы болды. Сыр сүлейлерінің жыраулық дәстүрін насихаттаушы. Сонымен мамыражай мамырдың бірінде жетпіс тоғызды толтырып, сексенге аяқ салған абыз ақсақал Жұмабек Аққұлов маған етене жақын. Заманында бір университетте ұстаз, мәдениет саласында әріптес, сүйек жағынан жезде, әйтеуір екеудің ортасындағы ортақ үйлесімді үйіп-төгуге болады. Ал, өнеріне келсек, мен сүйікті тыңдарман шығармын, Жұмекеңнің жырын сүйер жанкүйермін. Несін айтасыз, Тасберген жыраудың «Маңырамасын» орындауда ерекше шеберлігімен еленген Аққұловты алқалы топ төбесіне көтерген кезді де көрдік. Өзі: «Мен жыршы емеспін, мақамшымын» дейтін. Қалай десе де ол өнердің озық дәстүрін қал-қадірінше дәріптеп, жыраулық мұраны жан-жақты жинақтауға ерекше еңбек сіңірді. Бір ғана ісін бағаласам, Жұмекең 2012 жылы Берік Жүсіпов інісінің қолдауымен Сыр бойының белгілі шайыры Тұрмағамбеттің толық шығармаларын арнаулы аудио оқулық етіп жазып шығарды. Аудио таспаның орындалу уақыты 23 сағат, 5 минут, 09 секунд. Онда 408 шығарма қамтылған. Осының өзі өміршең өнеге боларлық дүние. Негізі Жұмабек Аққұлов қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген, ұстаз, композитор, дирижер Мүлкаман Сүлейменұлының нағыз шәкірті. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейтіндей, шәкірті ұстазының ұлағатын ұлық тұтты. Және аузынан тастамай, үнемі құрметпен қарайды. Ол дәстүрлі өнерге дейін, яғни ауылдан аймақ деңгейіне дейін сатылы баспалдақтан өткен. Алдымен «Сыр Сұлуы» ән-би ансамблінен кейін құрылған «Алтын арай» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі. 1969 жылы Жалағаш аудандық мәдениет үйі жанынан қүрылған «Алтын-Арай» ән-би ансамблі аз уақытта атағы республика көлеміне әйгілі болды. Ол кезде ауданда үлкен рухани орта бар еді. Ансамбль құрылған жылы көркемөнерпаздар ұжымдарының облыстық байқауында жеңімпаз атанды. Сосын 1976 жылы Алматы қаласына екі рет өнер сапарымен барып, астана жұртшылығына 10 рет концерттік бағдарламасын ұсынды. Бір қызығы, өнерпаздармен қатар Зордан Салықбаев, Жақсыбай Сарбалаев, Мәлік Аяпов секілді ақындар да ансамблдің шығармашылық құрамында болды. Айтпақшы, 1981 жылы «Алтын Арай» ансамблі Мәскеу қаласында Халық шаруашылығы жетістіктерінің Бүкілодақтық көрмесінде өнер көрсетіп, қола медальмен оралды. Ал, Жұмекең жыраулық дәстүрді дәріптеуін 1955 жылдан батыл бастады. 1840 жылдарда жазылған Сайыпназар ахунның «Мұхаммед-Ханафия» дастанын халық ауыз әдебиетінің 100 жылдығына арнап өзі орындап, ноталық жазбасын күйші Төлепберген Тоқжанмен бірлесе баспаға берді.Ол: «Жырда қасиет бар, айталық Тұрмағамбет, Нұртуған, Балқы Базардың өсиет-нақылын тыңдаған адам бүкіл болмысымен ұйиды, рухани көзқарасы оянады» дейді. Иә, Жұмекең жөн сөзін жеткізді. Сол үшін ауыр істен аянбай, маңдай терін төкті.Айталық, әйгілі «Шаһнаманы» таспаға түсірген 23 жыраудың бірі.Тұрмағамбет мұрасын насихаттау мақсатында жыраудың 400-ден астам туындысы таспаға жазылып, 23 сағаттық дискі жасалды. «Ең алдымен мақам сақталуы тиіс, ал, бір мақам ұмыт қалса – бір жырау тарихтан өшеді» дейді ол. Жалпы, Жұмекеңнің жеткізуінше, қазақ фольклортану ғылымының эпостану саласына жататын жыршылық дәстүрдің мақам-сазы поэзиядағы ақындық дарын, дауыс тембріндегі көмеймен, таңдаймен, көкірек пен көмейді байланыстыра айтудағы орындаушылықпен және аспаптағы қағыстық, құрылымдық, пернелік, әуендік орындаушылық ерекшеліктермен байланысты екен. Мұнда орындаушылық дәстүрдің үндестігі де аса қажет қабілет. Оның 2008 жылы бірнеше шығармалары «Сыр сүлейін сұрасаң…» атты музыкалық альманахқа енгізіліп, компакт дискіге түсірілді. Ал, өзінің төл шығармалары «Зердесіз жігіт», «Ініме», «Мерекеге» т.б. өлеңдері «Қорқыт әуендері» кітабында жарық көрді. Оның «Қарындасым-қарлығашым», «Сағыныш» атты әндері облыс композиторларының «Сыр әуендері» жинағына енді.Соңғы кезде «Жұртымнан жүрмін жыр жинап» атты кітапты баспадан шығарды.

– Жалпы, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар жеткілікті. Мысалы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың идеясымен «Шахнама» музыкалық антологиясы жарық көрді. Облыстық мәдениет басқармасын басқарған тұста белгілі ғалым Берік Жүсіпов Балқы Базар мен Тұрмағамбет мұраларын кітап қылып шығарды. «Қайталанбас дауыстар» музыкалық антологиясы жарық көрді. Сол секілді профессор Алмас Алматовтың жетекшілігімен «Ер Едіге» музыкалық альбомы шығып, ұлттық қазынамыздың қатарын молайтты. Осы бағытта ізденіп жүрген тағы бір тыңғылықты зерттеуші, жыршы, Мәдениет қайраткері Берік Саймағамбетовтің еңбегі өз алдына бір төбе. «Мен 1 жылдай облыстық телеарнадан «Толғау, терме сөйлейін» атты хабар жүргізіп, 36 жырау эфирге шықты. Кейін осы істі жалғаған жас жырау Марат Сүгірбай тағы 80-нен астам өнер иесін көрерменге таныстырды», – дейді Жұмабек Аққұлов. Зерттеуші Жұмекең Қармақшы ауданындағы бір ғана ауылдан белгілі бір кезең аралығында 117 жырау шыққанын айтады. Оның өзінде де жауһар сөзді термелегендердің соңы Шәмшат Төлеповамен тұйықталып тұр. Одан кейін өнер көшіне жүздеген жүйрік қосылып үлгерді. Осынша қисапсыз қазынаны зерттеп, ұрпақтар керегіне жарату ісі талай жылға жүк болары анық. Халық арасында ұмытылып бара жатқан жыр-термелерді, мақам-саздарды, күйлерді қайта жаңғыртып, келешек ұрпаққа табыстауды, Қорқыт мұраларын жан-жақты насихаттау арқылы жыр әлеміне жаңа есімдерді шығаруды көздеген Жұмекең бірқатар өнер иелерімен бірге ел ішін аралады. Міне, осынша шаруаның ішінде Жұмекеңнің орны жоғары.Қызылорда облысының әкімдігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі бірлескен жобасы біршама үзілістен кейін келесі жылы жалғасын табады. Бұл да дәстүрлі өнерді жаңғыртудың бір жүйесі.Жасыратыны жоқ, Жұмекеңді жоқтатпай, жолын жалғайтын жастар легі өсіп келеді. Олар ұстаз еңбегін ескеріп, өшпес өнерді бағалайды деп білемін. Әсілі, Жұмабек аға Аққұлов өзінің перзенттік парызын өтеген, өнер адамы ретінде өз міндетіне адалдығымен айшықталады. Ендігі кезекте ағамызға амандық, күш-қуат тілеймін. Біз сізбен мақтанамыз және марқаямыз. Қазақтың ақиық ақыны Иран-Ғайып ағамыздың өлең жолдарымен түйіндесек:

Аққұловтың дауысы жердің емес,

Аққұловтың дауысы көктің дауысы!