Жаңа нысандар саябақтың сәніне айналады

5

0

Бүгінде Қызылорданың қарқынды құрылыс алаңдарының бірі – Президент саябағы. Мұндағы Ботаникалық білім беру орталығының құрылысына 4 млрд 948 млн теңге бөлінген, 2,41 гектар аумақта орналасқан. Орталық табиғат пен ғылымды ұштастыратын, білім беру, ғылыми-зерттеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған көпфункционалды кешен болмақ. Мұнда әлемнің әртүрлі өңірлерінің флорасына арналған тақырыптық бақтар, дәріс залдары, демалыс және әкімшілік аймақтар қарастырылған. Нысан маусым айында пайдалануға беріледі.

Ал көпқабатты тұрғын үй кешені – 22 млрд теңгенің жобасы, яғни 8,2 гектар аумақта 15 тұрғын үй салынып, 945 пәтер пайда­лануға беріледі. Құрылысты тамыз айында аяқтау жоспарланған.

«Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешені халықаралық талаптарға сәйкес салынуда. Бас мердігер «ASPAN HOLDING» серіктестігі құрылысына 20 млрд 61 млн теңге қарастырылған нысанды 2,1 гектар аумаққа, 25 540 шаршы метр етіп, 3 және 4 қабатты блоктардан тұрғызуда.

Кешенде бір мезетте 2 552 келушіні қабылдауға болады. Олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін бассейн, 2500 орындық әмбебап спорт залы және спортшыларға арналған жаттығу алаңдары қарастырылған.

Құрылыс былтыр шілде айында басталды, алдағы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған.

Мұнда халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге, бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалады.

Құрылыс нысандарындағы жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев сапаға және жобаны уақытылы аяқтауға баса мән беруді тапсырды.