Ақыл-ойдың азығы

1113

0

Дүниежүзілік кітап күніне орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық  әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітап шоу-2023» кітап фестивалі өтті.

Салтанатты іс-шарада облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова құттықтау сөз сөйлеп,  жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл шараның тарихы мен маңызына тоқталды. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова мен ақын Мамыр Байдәулет ақыл-ойдың азығы болған кітаптың құндылығына тоқталып, заман дамыған тұста жастардың кітапқа ден қоюы керек екенін баса айтты.

– Кітап күнінің осындай деңгейде өтіп жатқаны қуантарлық жағдай. «Артық ғылым кітапта…» дейді дана Абай. Себебі, адам үшін ғылым мен білімнің қайнар көзі кітапта. Мұндай шаралар оқырман қызығушылығын тудырады. Ал қазіргі қоғамға керегі – осы. Сондықтан шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – деді М.Қазбекова.

«Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін телефонға телмірген заманда мұндай шараларды өткізу аса маңызды» дейді ұйымдастырушылар. Мереке қарсаңында кітапханада оқырмандар үшін түрлі бағытта шаралар өтті.

Руханият жанашырлары жиналған іс-шарада әуелі «Ақын – елдің ардағы» атты жергілікті жас ақындармен кездесу кеші қатар өтті. Мұнан соң, «Мәдениеттің мәйегі – кітап» атты көрме-жәрмеңке ұйымдастырылып, «Kitapal» дүкені көпшілік сұранысына ие кітаптарды сатылымға шығарды. Ал «Кітап – ой әлемі» көрме-инсталляциясына қорға келіп түскен жаңа әдебиеттер, балалар  кітаптары мен  мотивациялық кітаптар, фантастика мен детектив жанрындағы жалпы саны 500-ден асатын әдебиет қойылды.

Бұдан бөлек, «Өнер әдебиеттерінің екінші тынысы» атты акция аясында оқырмандар өнер әдебиеттерінен кітапханаға тарту сый жасаса, «Ұлттық нақыштар мен жауһарлар» тақырыбындағы этноалаңда көпшілік көрермен қазақ халқының мәдени мұрасымен, салт-дәстүрімен, көне жәдігерлерімен танысып, фотосессия жасауға мүмкіндік  алды. «Менің сүйікті кейіпкерлерім»  сурет байқауында болашақ қылқалам шеберлері өз қиялынан туған дүниелерін бейнеледі. Бүлдіршіндердің бедерлі бейнелері көпшіліктің назарын аудартты.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<