«Ақын» фильмі Берлин кинофестивалінің беделді бағдарламасына қатысады

760

0

2022 жылы ақпан айының 10-ы мен 20-ы аралығында өтетін 72-ші халықаралық Берлин кинофестивалі «Форум» атты беделді бағдарламасына қатысатын бірнеше фильмдердің тізімін жариялады. Олардың қатарында қазақстандық туынды режиссер Дарежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі де бар. Бағдарламаның толық тізімі келесі жылы қаңтар айында ұсынылатын болады.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ақын» фильмі технологиялар дамыған қазіргі заманда өнердің қоғамда алатын орны туралы ой қозғап, поэзияға сұраныс азайған дәуірде ақынның күйініші туралы сыр шертеді. Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлының қилы тағдыры жайында ойға батқан басты кейіпкер нәзік жүректі ақындардың өмірі қашан да қиын болғанын түсінеді.

Фильмнің сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» атты автобиографиялық әңгімесі желісімен жазылған. Фильмдегі басты рөлді «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев сомдайды.

Айта кетсек, аталған фильм Токиода өткен халықаралық кинофестиваль шеңберінде алғаш көрсетіліп, қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Бұл фестивальде Дәрежан Өмірбаев «Үздік режиссер» жүлдесімен марапатталды.

Қазақ киносының «жаңа толқыны» өкілі, Канн, Венеция және Локарнода өтетін беделді кинофестивальдерге қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген режиссер Дәрежан Өмірбаев Ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.

Германияның астанасында ақпан айында өтетін Халықаралық Берлин фестивалі (Берлинале) әлемде өтетін ең ірі әрі беделді кинофестивальдердің бірі. Жыл сайын бұл фестивальге 124 елден 300 мыңнан астам қонақтар және 20 мыңнан астам кино өндірісіндегі мамандар қатысады. Аталған фестиваль 1951 жылдан бері өткізіліп келеді.

72-ші Халықаралық Берлин кинофестивалінің ұйымдастырушылары биыл аталған байқау дәстүрлі форматта өтетінін айтты. Фестиваль шеңберінде ұйымдастырылатын Еуропалық кинонарық (10-17 ақпан), Берлиндегі копродукция нарығы (12-16 ақпан), Berlinale Talents (12-17 ақпан) және World Cinema Fund сынды шараларға онлайн форматында қатысуға болады.

Берлин кинофестивалінің беделді бағдарламасына қатысады

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<