Арал өңірінде күн-электр станциясы салынады

699

0

Биыл 10 қарашада қуаттылығы 20 Мвт күн-электр станциясы жобасын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттық өтті. Аукцион қорытындысымен қазақстандық «Тесис» ЖШС компаниясы жеңімпаз болып анықталды. Жобаны Арал ауданында 50 гектар аумақта орналастыру жоспарланып отыр.  Келісім-шарт бойынша жобаны іске қосу мерзімі – 2024 жыл.

Географиялық орналасуы мен климаттық жағдайы бойынша Қызылорда облысының күн энергиясын өндіруде әлеуеті жоғары. Есептеулерге қарағанда күн сәулесінің ұзақтығы жылына 2000-3000 сағатты құрайды екен.

Бұл артықшылықты ескере отырып, өңірде аталған энергия көзін пайдалануға айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінгі күні облыста жиынтық қуаты 89 Мвт-ны құрайтын 9 күн-электр станциясы жұмыс жасайды. 

«Күн электр станциясының құрылысы өңірге инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға, электр энергиясы тапшылығының бір бөлігін жабуға, сондай-ақ атмосфераға шығарылатын CO2 шығарындыларын азайтуға мүмкіндік берді» деп атап өтті «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның өңірлік директоры Мұрат Балабаев.

Еліміз өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемінде жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесін 2030 жылы 10%-ға дейін, ал 2050 жылға қарай баламалы электр энергиясын 50%-ға дейін жеткізу туралы міндет қойды. Бұл жоспарды орындау мақсатында озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, ЖЭК-нің ең тиімді жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттық тетігі енгізілді.

Қазіргі таңда республикада жиынтық қуаты 2388 МВт болатын ЖЭК-нің 130 нысаны жұмыс істеп тұр. Биылғы жылдың 9 айында ЖЭК объектілерімен өндірілген электр энергиясының көлемі 3,9 млрд кВт-сағатты құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артқан.

«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы «жасыл» энергетика бойынша жобаларды іске асырушы инвесторларға оқыту вебинарларын ұйымдастыру арқылы аукциондық сауда-саттыққа қатысуға, инвестициялық келісім-шарт жасасуға және жобаларды сүйемелдеуге қолдау көрсетуде.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<