Арал: Сапалы жоба – сенімді нәтиже

329

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Арал ауданының даму жоспарын қарау жөніндегі кеңес болды. Аймақ басшысы былтыр ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика тіркелгенін атап өтті.

– Өткен жылы Қызылорда қаласы мен аудандар бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Арал ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 24,3 млрд теңгені немесе 148% құрап, бюджет қаражатына деген тәуелділіктің төмендегені байқалады. Бюджет 98,2% игерілді. Ауданның өз кірісі 2022 жылы 3 млрд теңге болса, 2023 жылы 3,2 млрд теңгеге жеткен. Бұл бағыттағы жұмыстарды биыл да жүйелі түрде жалғастыру қажет, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Келесі кезекте аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев алдағы уақытта жүзеге асатын және ұсынылған жобалар жөнінде баяндады. Аудан бюджеті 2024 жылға трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда 15,2 млрд теңге болып бекітілді.  Ол өткен жылмен салыстырғанда 770,1 млн теңгеге артық немесе 105,3% құрайды.

Бұл ретте облыс әкімі аудан басшысына биылға межеленген көрсеткіштерді орындау міндетін жүктеді. Ал облыстық басқарма басшыларына «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу және салу, Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдары Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егуді ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша іс-шараларды пысықтау тапсырылды.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 14, жоба-сметалық құжаттама әзірленген 54 жоба бар. Бұдан бөлек, демеушілік есебінен 120 млн теңгеге жуық қаржыға 30 жоба дайындалуда. Олардың қатарында 24 әлеуметтік нысанды газдандыру, 3 абаттандыру және «Ерімбетжаға», «Тастүбек» елді мекендерін ауызсуға қосу, теміржол вокзалы ғимаратын қайта жаңғырту жобалары бар.

Екі жыл бұрын ауданға қарасты «Хан» елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді 328 млн теңгеге қайта жаңғырту басталды. Қазір қайта түзетулер жасалуына байланысты мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Қалқымалы көпір құрылысы мердігер мекеме есебінен 80-85 пайыз аяқталған.

 «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, олардың қатарында «Қызылжар-Шөмішкөл», «Самара-Шымкент-Бекбауыл», «Аққұлақ елді мекеніне кіреберіс», «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс», «Қаратерең-Жаңақұрылыс» автомобиль жолдары бар.

Сексеуіл кентіндегі 40 орындық аурухана құрылысы 2019 жылы басталған, қазір қабырғасын қалау 90% біткен. Былтыр «Көктем» елді мекеніндегі медициналық бекет салынып, пайдалануға беруге құжаттары әзірленуде.

Арал қаласында жалпы көлемі 76,5 гектар 5 ірі тұзды сор көл бар. «Жаңа ауыл» шағын ауданындағы сор көлдің тереңдігі 1,75 метр, ең кішісі «Суворов» сор көлінің орта шеніндегі тереңдігі 1 метр. Оларды көму – жергілікті тұрғындардың ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған мәселесі.

Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Арал қаласынан екі мектеп салу жоспарланған. Қазір бір мектептің құрылысы басталса, екінші мектептің жер телімі белгіленген.

Аудан әкімінің айтуынша, теміржол үстінен өтетін аспалы көпірге апаратын негізгі кірме жол ретінде Жылқаман батыр көшесін абаттандыру қажеттілігі туындауда. Арал қаласының тұрғындары теміржолдың екі жақ бетіне қоныстанған. Көпшілік демалатын орындардың басым бөлігі қаланың негізгі бөлігінде. Ал «Жаңа ауыл», «Шанхай» шағын аудандарында мәдени-демалыс орындары жетіспейді.

Жиын қорытындысымен облыс әкімі көтерілген мәселелер алдағы уақытта жан-жақты таразыланып, нақты шешімдер қабылданатынын жеткізді. Бұл мақсатта жергілікті тұрғындарға қандай мәселе өзекті екені сүзгіден өтуі тиіс. Қазір көпшілік тарапынан газ, ауызсу, жол, электр желісі жөнінде жиі айтылады. Бөлінген қаржы көздері негізінен ел үшін осындай өзекті мәселелерді шешуге бағыттауы қажет. Бұл орайда әрбір жоба мұқият сарапталып, қаржыны тиімді жұмсауға мән берілгені жөн.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<