Арал: Жәрмеңке жұртшылықтың көңілінен шықты

623

0

Арал ауданында орын алған қуаңшылық жағдайына байланысты жем-шөптің тұрақты келіп тұруы мен тұрғындарға қолжетімді болуы басты назарда. Осы орайда аудан әкімдігі тарапынан әр сенбі сайын тұрғындарға мал азығын қамдап алу мақсатында жем-шөп сатылымы ұйымдастырылып келеді.

Осы орайда бүгін әдеттегідей Арал қаласы «Шанхай» мөлтек ауданындағы темір жол өткелінің маңында мал азығына қажетті жем-шөп сатылымы және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жəрмеңкесі өткізілді.

Арал ауданы жұртшылығының игілігіне бағытталған шараға облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, аудан әкімі Серік Сермағамбетов арнайы ат басын бұрып, молшылық шарасында саудаланған жем-шөп бағасын бағамдап, аудан өнімдерінің жәрмеңкесіне куә болды.

Аудан халқының басын қосқан шарада жем-шөп бағасына ерекше мән беріп өткен аудан басшысы «Ауданымыздағы орын алған ахуалға сәйкес апта сайын малға қажетті жем-шөп сатылымын ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – баға тұрақтылығын сақтап, мал ұстап отырған халыққа алдағы қыстан аман-есен шығуға жағдай жасау.

Енді қыс мезгілі жақындаған сайын жем-шөп бағасының қымбаттатуы заңдылық. Ал, бұл шара мал азығын тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлердің бағаны тым шарықтатпауына өз септігін тигізіп, баға тұрақтылығын ұстап тұруға ықпал етеді. Бұдан бөлек, жерлесіміз Б.Өтемұратов қорының көмегімен алынған арнайы шөп шабуға арналған арнайы техникалар арқылы бүгінде 40 мың тоннаға жуық шөп орылып, аудан шаруаларына шабындық басынан 350 теңгеден босатылып келеді.

Мінекей, аталған техникалар арқылы дайындалған шөп бүгінгі жәрмеңкеге де жеткізіліп отыр. Осы ретте тұрғындарымыз ұйымдастырылып келе жатқан осындай жәрмеңкеде барынша қажетті жем-шөп алып қалуға тырысулары керек»,- деп атап өтті.

Жәрмеңкеде Жаңақорған ауданынан 100 тонна пішен шөп, Шиелі ауданынан 15 тонна пішен шөп пен 12 тонна құрама жем және Мергенсай ауылдық округі, «Жалаңаш» селеолық тұтыну кооперативі тарапынан жергілікті шабындық жерлерден орылған 250 пресс шөп жеткізіліп, қолжетімді бағада саудалады.

Сонымен қатар жәрмеңке аясында 1,5 тонна балық және балық өнімдері, ауданға қарасты Сазды, Бекбауыл, Қосжар, Жетес би ауылдық округтерінен 1 тонна сиыр еті, 100 литрге жуық шұбат, Ақирек ауылдық округінен 3 тоннаға жуық бау-бақша (қауын-қарбыз) өнімдері нарық бағасынан 10-15 пайыз төмендетілген бағамен босатылды.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз