Арал: Жәрмеңке жұртшылықтың көңілінен шықты

789

0

Аралда орын алған қуаңшылық жағдайына байланысты жем-шөптің тұрақты келіп тұруы мен тұрғындарға қолжетімді болуы маңызды.

Осы орайда аудан әкімдігі тарапынан өткен сенбіден бастап тұрғындарға мал азығын қамдау мақсатында жем-шөп сатылымы ұйымдастырылып келеді. Жақында Арал қаласы «Шанхай» мөлтек ауданындағы темір жол өткелінің маңында мал азығына қажетті жем-шөп сатылымы және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жəрмеңкесі өткізілді.

Сонымен қатар ауданға қарасты барлық кент, ауылдық округ орталықтарында да малға қажетті жем-шөп сатылымы ұйымдастырылды.

Аудан жұртшылығының игілігіне бағытталған шараға ауданымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы да арнайы ат басын бұрып, молшылық шарасында саудаланған жем-шөп бағасын бағамдап, аудан өнімдерінің жәрмеңкесіне куә болды.

Жәрмеңкеде Қызылорда қаласынан, Жаңақорған, Шиелі және көршілес Ырғыз аудандарының шаруашылық құрылымдары мал азығына қажетті жем-шөп көлемін тікелей өз бағасында ұсынып, қолжетімді бағада саудалады.

Ал, ауданға қарасты Аққұм, Жіңішкеқұм, Қарақұм, Сазды, Ақирек ауылдық округтері ет, сүт және бау-бақша (қауын, қарбыз) өнімдерін нарық бағасынан 10-15 пайыз төмендетілген бағамен босатты.

Айта кету керек, шарада Қызылорда қаласынан 12,5 тонна пішен пресс, 5 тонна жем, 5 тонна бидай, Жаңақорған ауданынан 140 тонна пішен пресс және Шиелі ауданынан 85 тонна табиғи шөп және 3 тонна күріш кебегі (жемі) жеткізілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<