Аралда облыстық ат бәйгесі өтті

1621

0

Бүгін Арал ауданында – Жеңістің 78 жылдығына орай Аудан әкімдігінің жүлдесі үшін облыстық ат бәйгесі өтті.

Аймақтың әр өңірінен келген шабандоздар жалдарынан жел есіп, атқан оқша зулаған арғымақтар қарымын осы дүрмекте сынады. Барлығы 40-тан аса сәйгүлік қосылған дүбірлі дода – тай жарысы, құнан, аламан бәйге болып үш топқа бөлініп өткізілді.

Бәйге тай жарысынан басталды.  Онда ауыздығымен алысқан 12 сәйгүлік жарыс жолына шықты.  Нәтижесінде Қызылорда қаласының тұрғыны Қаюпов Қайраттың «Айторысы»  бірінші келді.  Ал Қарашалаң ауылының шабандоздары екінші, үшінші орынды бөлісті. Төлегенов Айдарбектің «Камриясы» мәре сызығын екінші кессе, үздік үштікті Киікбаев Нұрдаулет «Жұмбаққарасы» түйіндеді.  Жүйріктер сайысы мұнан соң құнан бәйгесіне ұласты. Бұл сында 13 тұлпар бақтасты. Ең бірінші болып Нұрлыбайұлы Рамазанның қос бірдей аты яғни,  «Нұрқасқасы»  топ жарса, «Өмірқасқасы» үшінші орынды жеңді.   Қармақшылық «Үміт» екінші  болып келді.Бәйгенің көрігін Аламан ашты. Бұл додада 17 шабандоздар бақ сынасты.  Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарлар осы 22 шақырымдық аламан бәйгесінде анықталды.  Бұл  жарыста бас жүлде Қызылжарлық Берекетов Байназардың «Золотой» атты сәйгүлігіне бұйырды. Бәйгенің бас жүлдесін аудан әкімі Серік Сермағамбетов табыс етті.

Аламан бәйгеде екінші орынды Қазалылық Күнтуов Мархабаттың «Абыройы» еншіледі.  үшінші орын Қызылорда қаласынан қатысқан Киікбаевтардың «Сұңқары» иемденді.Ат бәйгесінің көрермендерін аудан әкімі Жеңістің 78 жылдығымен құттықтады.

– Бабалардың сұрапыл соғыс жылдарындағы батырлығы ешқашан ұмытылмайды. Елдің ерлеріне деген құрметте кемімесі анық. Біз бүгін мерейлі күн аясында батыр боздақтар рухына арнап бәйге өткізудеміз. Себебі, ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізде ат бәйгесінің орын ерекше. Көшпенділердің бүгінгі төл ұрпағы – алаш жұрты барда ат бәйгесінің келешегі кемел болмақ. Біз алдағы уақытта да, ұлттық спорт түрлерін, ат спортынан сайыстарды ұдайы, дәстүрлі түрде өткізетін боламыз, – деді Серік Сағитжанұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<