Асқақ тұлға, айшықты еңбек

1243

0

М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі кітапханасының ұйымдастыруымен Орта Азияға ортақ тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай  танымдық жиын өтті.

Жиынның ашылуында колледж директоры, техника ғылымдарының кандидаты Тәшен Оразбекұлы баяндама жасап, Т.Жүргеновтің ұлт тарихындағы асқақ тұлғасы, айшықты еңбегі жайлы  айтты.

Қазақ руханиятының көшбасшысы, жерлесіміз Т.Жүргеновтің бірегей болмысы, тартысты тағдыры, қоғамға, елге еткен қызметі туралы баяндама жасаған облыстық тарихи-өлкетану музейі экскурсиялық-көпшілік бөлімінің басшысы Элзира Сағитжанова музей мұрағатындағы құнды деректерді алға тартып, сол бойынша түсірілген бейнежазбаны назарға ұсынды. 

Сөзін қорытындылай келіп, облытық тарихи-өлкетану музейінде Т.Жүргеновтің өмір жолын бейнелейтін арнайы көрме ұйымдастырылғанын айтып, жиынға қатысушы жастарды кез келген уақытта барып, құнды деректермен танысуға шақырды.

Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің оқытушылары Гүлжахан Домбылова және Айдос Рахметов Нарком Т.Жүргеновтің еліміздің білім саласын, мәдениеті мен өнерін  биік деңгейге көтерген ағартушылық еңбегі жайлы әңгімеледі. Сонау 1936 жылы КСРО астанасы Мәскеуде өткен Қазақ мәдениетінің онкүндігі аясында қойылған концерт жайлы айта келіп, оған Сыр бойынан қатысып, «Өнер қайраткері» атанған  дәстүрлі жырдың дүлдүлі Нартай Бекежановтың  ерекше еңбегіне тоқталды. Сонымен қатар, Т.Жүргеновтің атақты Тұрмағамбет ақынға Шығыс әдебиетінің жауһары – «Шахнаманы» қазақ тіліне аудартуы ұлт әдебиетіне қосылған құнды қазына екені айтылды.

Жиынды  директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Айнұр Ырзақмет қорытындылады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<