Ауыл мектебі: Білім. Ғылым. Тәжірибе

1552

0

Білім – ел қазынасы десек, оның негізі мектепте қаланады. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы болатын ұстаз қолында. Сондықтан басты мақсаты – білім сапасын жақсарту.

Жуырда №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейде «Ауыл мектебі: Білім. Ғылым. Тәжірибе» тақырыбында облыстық семинар өткізілді. Облыстық білім басқармасы, «Серіктес директорлар» лигасы және Сырдария аудандық білім бөлімінің басшылығы ұйымдастырған іс-шараны 11-сынып оқушысы Бекнұр Махамбетұлы жүргізді. «Ғылымға көңіл бөлсеңіз» бөлімінде 2020-2021 оқу жылында республикалық, облыстық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарының жұмыстары көрмеге қойылды. Бұл жұмысқа жобаның жетекші ұстаздары, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары да өз үлесін қосты. Сонымен қатар көрмеге «Зерде» конкурсына баратын оқушылардың жұмыстары да қойылып, жұртшылық назарына ұсынылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова әр жобаға оң баға берді.

Ғылыми жұмыстар оқу процесіндегі зертханалық, практикалық жұмыстардан басталатыны анық. Осы бағытта мектеп-лицей директоры Зейнұр Жаманқұлов 9-сыныпта «Сапалық реакциялар», физика пәнінің мұғалімі, білім магистрі Нұрхан Баймырзаев 7-сыныпта «Қатты денелердің тығыздығын анықтау» тақырыбында зертханалық жұмыстар көрсетті. Биология пәнінің мұғалімі Гүлзат Әбдірәсілова «Экокабинет» жасақтап, жобаларды таныстырды.

Семинар соңында пленарлық мәжілісте қатысушылар ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықтың жоқ екеніне тоқталды.

Баланың қабілетін, дарынын ашу және әр оқушының мүмкіндігін, қабілет және икемін танытуына жағдай жасау – мұғалімнің басты міндеті. Оқушыны ізденушілікке баули отырып өз жолын табуға көмектесу қажет. Семинар осындай оймен қорытындыланды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<