Бала бір жасқа толмай жұмысқа шығатын әйелдерді қуантатын жаңалық жарияланды

1026

0

Егер декретке шыққан әйел бала бір жасқа толмай, жұмысқа кіріссе, онда ол мемлекеттік бюджеттен бала күтіміне байланысты жәрдемақының кепілдік берілген мөлшерін ала береді. Мұндай норма азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заң жобасында көзделген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Заң жобасының тағы бір негізгі жаңалықтарының бірі – еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасының кепілдік берілген деңгейін белгілеу», – деді еңбек министрі Серік Шәпкенов заң жобасын мәжілісте таныстыру барысында.

Ол қазір жұмыс істейтін әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын әлеуметтік төлем алатынын атап өтті. Бала күтіміне байланысты төлем мөлшері еңбекақының 40 процентін құрайды.

Ал жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтіміне байланысты мемлекеттік бюджеттен жәрдемақы төленеді.

«Егер әйел баласының бір жасқа толғанын күтпей, жұмысқа шықса, онда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем тоқтатылады. Бірақ, біз мемлекеттік бюджеттен бала күтіміне байланысты жәрдемақының кепілдендірілген көлемін төлеу туралы норманы қосып отырмыз. Яғни, МӘСҚ-тан төлем үзілсе де, мемлекеттік бюджеттен жәрдемақы ала береді», -деді министр.
Қорыта айтқанда, әйел жұмысқа қайта кіріскен жағдайда, әлеуметтік төлемнің мөлшерін кепілдендірілген мөлшерде, яғни республикалық бюджеттен бір жылға дейінгі күтім жөніндегі жәрдемақылардың мөлшерінен кем емес мөлшерде төлеу ұсынылып отыр.

Бір жасқа дейінгі ай сайынғы жәрдемақы

Жұмыс істемейтін әйелдерге бала бiр жасқа толық толғанға дейiн төленетін ай сайынғы төлем:

бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 16 802 теңге;


екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 19 865 теңге;

үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 22 899 теңге;

төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 25 962 теңге.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз