Балалар әдебиеті – басты тәрбие құралы

4308

0

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы» күніне орай бастауыш сынып оқушыларының қатысуымен «Ертегімен есейем» атты байқауы өтті.

Байқауда қалалық Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп лицей, Жамбыл атындағы №120 орта мектеп, Т.Жүргенов атындағы №136 орта мектеп, №143 орта мектеп, Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектеп, Б.Шалғынбаев атындағы №217 орта мектеп және Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейдің 3-4 сынып оқушылары бақ сынады. Сайысты қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды. Шараға «ПетроҚазақстанҚұмкөл Ресорсиз», «Халық Банк» АҚ облыстық филиалы және «Әбіл ата» сантехника дүкені демеушілік жасады. Байқаудың мақсаты – жас оқырмандарды халық ауыз әдебиетімен сусындатып, балалардың қиялын, сөздік қорын, ой-өрісін дамытып, адалдыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа, елжандылыққа тәрбиелеу.

– Президент тапсырмасымен биылғы жыл «Балалар жылы» деп бекітілді. Елімізде балалардың үздіксіз білім алып, мықты азамат, тәрбиелі ұрпақ болып өсуі үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалып келеді. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шараның да мақсаты – бүлдіршіндерді мейірімділікке, адалдыққа баулу. Себебі, бүгінгі ұрпақ білімді, тәрбиелі болса, ел ертеңі жарқын болмақ. «Балалар кітабы» күні құтты болсын. Бүгінгі байқауға қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Әбілдаев.

Байқау 2 кезең бойынша өтті. «Ертегі сыр шертеді» кезеңінде әр топ өз қалауына сәйкес балалар жазушысы Х.Андерсеннің, ал «Ерте, ерте, ертеде» кезеңінде қазақ ертегілерінен сахналық қойылым көрсетті. Сайыстың шарты бойынша қойылымның мәніне, қатысушылардың сөйлеу мәнеріне, кейіпкерлердің киіміне, сахнаның безендірілуіне мән берген әділ қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады.

Бас жүлдені Т.Жүргенов атындағы №136 орта мектеп оқушылары иеленді. 1-орын Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейіне бұйырды. 2-орынды Б.Шалғынбаев атындағы №217 орта мектеп және Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейі алды. 3-орынға Ғ.Мұратбаев атындағы №171 және №143, Жамбыл атындағы №120 орта мектептері лайықты деп танылды. Қатысушылар алғыс хаттармен  және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байқау аясында «Қазақ халық ертегілері», «Әлем ертегілері», «Таңғажайып кітаптар әлемінде» атты 3 бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге балаларға арналған қазақ, орыс, әлем халықтарының ертегі кітаптары және ертегі кейіпкерлері жайлы қолөнер туындылары қойылды.

Аружан Ералы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<