Баланың тілі шықпаса…

3149

0

Балаңыз 2 жаста, бірақ әлі сөйлемейді. Логопед маманға баруды ойлап, уайымдап жүрсеңіз, уайымыңыз орынды. Себебі, бала екі жасында «ана, әке, ата, әже» деген сияқты бір буынды сөздермен ғана шектеліп қоймай, «мама жүр», «су бер» деген сөз тіркестерін айта білуі керек. Олай болмаған жағдайда ертерек мамандардың кеңесіне жүгініп, тексерісті бастағаныңыз дұрыс. Өйткені бұл кезде бала атын атап шақырғанда қарап, өзінің есімін айтып, жасын саусақпен көрсетуі тиіс.

Кейінгі кезде логопедке деген сұраныс артты. Тіпті арнайы балабақшалар мен оған кезекке тұрғандардың саны да еселеніп  келеді.  Осыдан кейін «Тіл мүкістігі бар балалар неге көбейді?» деген сұрақ туындайды. Балалар арасында мұндай жайт неге белең алуда? Жалпы тіл мүкістігі неден пайда болады?

«Результат» орталығының І санатты логопеді Айжан Скакованың айтуынша, әр бала – жеке тұлға. Оның өзіндік даму ерекшеліктері бар. Бір бала кеш, ал біреуі ерте сөйлеуі мүмкін. Бірақ 5 жастағы бала өз ойын нақты жеткізе алуы керек. Өз жасына сай сөйлеуі өте маңызды. Себебі сол арқылы сөздік қоры, ойлау, есте сақтау қабілеті қалыптасады.

Айжан Скакованың айтуынша, бала кеш сөйлеген сайын оның ойлауы да, есте сақтау қабілеті де, жаңа ақпаратты қабылдауы да артта қала бастайды. Сол себепті «атасы немесе әкесі кеш сөйлеген» деп уақытты өткізіп алмаған абзал. Жалпы, баланың дамуы кезінде тісінің қисық шығуы, таңдайы мен тілінің жырық болуы, аузын еркін аша алмауы тіл мүкістігіне әсер етеді. Сондай-ақ, туғаннан  есту  қабілеті нашар болса, айтылған сөзді құлағында сақтап қала алмайды. Сол себепті де сөздерді анық айтпайды.

Тағы бір әсер ететін фактор – жүйке жүйесінің зақымдануы, яғни, бала кішкене кезінде қатты қорықса, шошынса да сөйлеу кезінде қиналады. Бұдан басқа анасының жүктілік кезінде жұқтырған түрлі вирустары немесе сәби кезінде дұрыс салынбаған екпелер, экологиялық проблемалар – бәрі де әсер етеді. Кейде ата-аналар «Баламен жұмыс істеуді қашан бастау керек?» деп сұрап жатады. Баламен сөйлесуді, жаттығуды кішкентай кезінен бастаған дұрыс. Ата-аналардың қателігі 3 жасқа дейін баласы сөйлемесе оны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ерте жастан маманға қаратса, соғұрлым нәтижесі де жақсы болады.

Бала дұрыс сөйлеп қалыптасу үшін ұсақ моториканы дамыту керек. Ғалымдар дәлеліне қарағанда, ағзадағы барлық қозғалысқа жауап беретін ми қыртыстарының үштен бір бөлігі жүйке нүктелерінің кескіні алақан мен саусақтарда орналасқан. Сондықтан зерттеушілер алақанды «екінші тіл» деп те атаған, яғни, екі алақан мен саусақтардың ұсақ моторикасын дамыту арқылы баланың есте сақтау, ойлау, пайымдау, зейін салу, сөйлеу сияқты қабілеттерін жақсарта аламыз. Ал оны дамытуды 8 айлығынан бастаған дұрыс.

– Қазіргі ата-аналардың баласымен сөйлесуге уақыты жоқ. Әңгіме-ертегі, өлең оқып беретін әжелер жоқтың қасы, бұрынғы қуырмаштар айтылмайды. Бұның бәрі балаға қажет. Бесік жыры, ертегілер, қуырмаш, тіпті асық ойындары балалардың дамуы үшін ойлап табылған. Қазір балаға телефон беріп, теледидардың алдына телміртіп қояды. Уақытын алып, жыламаса болды. Байқасаңыздар, қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлерден гөрі қазіргі балалар аюы бар Машаны, сап-сары Спэнж Бобты жақсы таниды. Сол үшін де қоғамымызда бір-бірін түсіне алмайтындар көбейіп келеді, – дейді логопед маман.

Ата-аналар логопедтің кабинетінен баласын алып шыққан соң үйде баламен белгілі бір уақытта ғана сөйлеседі. Бұл дұрыс емес. Барлық уақытыңызды баламен қарым-қатынасқа бөліңіздер. Оларды тыңдаңыз, сөйлесіңіз. Ойын ойнатып, сол арқылы баламен қарым-қатынас жасау тиімді. Белгілі бір ережелерге салудың қажеті жоқ. Мысалы, балаға анасы күні бойы ертегі айтса бұл пайдалы болар еді. Ертегіні тыңдаған кезде баланың ой-өрісі дамиды, көз алдына елестетеді.

Логопед маман бала тілінің кеш шығуына смартфон кері әсер етіп отырғанын жасырмады.

– Балаға смартфон ұстатып қояды. Тіпті обал, оның көзіне, денсаулығына қанша зиян келіп жатыр. Зейіннің тұрақсыздығы, баланың бір орында отыра алмауы, смартфон берсең ғана тынышталуы, бермесең тамақ ішпеуі тәуелді екенін көрсетеді. Тәуелділік мидағы ақпаратты қабылдау, сигнал беру процесінің бұғатталуына алып келеді. Робот сияқты естіген нәрсесін «yellow», «red» деп айтады, бірақ қазақ тілінде оның сары және қызыл түстер екенін білмейді. Орысша мультфильм көрген баланың тілі орысша шығады. Бастапқыда ата-анасы баласының орысша сөйлегеніне мәз болуы мүмкін. Қиындық мектепке баратын кезде басталады. Баласын қазақ сыныбына берейін десе, баласы қазақша білмейді, орыс сыныбына берейін десе, ата-ананың өзі орысшадан қиналады. Міне, бір смартфонның зияны адамға осылай әсер етіп отыр, – деді.

Баласын емдетуге жағдайы келмесе үйде жасалатын әртүрлі жаттығулар бар. Айталық, «YouТube» каналында «Сергіту сәті» секілді балаларға арналған бағдарлама жүктелген. Қазақ тіліндегі логикалық жаттығулардың көмегі көп. Сол арқылы оның тілі жаттығады. Үй ішінде жаңылтпаштар, әдемі сөздер айтып отыру қажет деген кеңес берді Айжан.

Ертеден келе жатқан түрлі ырымдарды жасағаннан гөрі арнайы мамандардың медициналық көмегіне жүгінген жөн. Өйткені, сөйлеу тікелей мидың қызметіне байланысты. Олай болса, баланың былдырлаған таза тілін тұншықтырып, үйде өзге тілде сөйлесіп, бұзып алмаңыз.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<