Өңірде 483 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 31 ескерткіш республикалық маңызға, 398 нысан жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген. Ал 54 нысан алдын ала есепке алынған тарихи мұралар қатарында. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің басшысы Ерғазы Алданазаров хабарлады.
– Тарихи-мәдени мұра ұлттың рухани қазынасы. Оны сақтау тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біз әрбір ескерткішке өткеннің үнсіз куәгері ретінде қарап, оны болашаққа аман жеткізуге жауаптымыз, – деді мекеме басшысы.
Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылады. Сақ дәуірінің ірі орталықтарының бірі саналатын Бәбіш мола, оғыздардың астанасы Жанкент, қыпшақ пен қазақ хандықтарының ордасы болған Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі.
Ерғазы Жарылқасынұлының айтуынша, Жаңақорған ауданындағы Сығанақ және Қазалы ауданындағы Кескен күйік қалашықтарында ғылыми зерттеулер жалғасады. Алдағы жоспарлар қатарында ірі реставрациялық жұмыстар да бар. Биыл республикалық бюджет есебінен Сығанақ қалашығы мен Бақатам кесенесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. Атаулы күнді ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен.
Аружан АБЫЛАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті
2-і курс студенті





