Банкроттық рәсім қалай жүргізіледі?

330

0

Фото: ашық дереккөз

Президент Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы» туралы заң желтоқсан айында қабылданды.

Аталған заңның қабылдануына негізі еліміздің әлеуметтік жағдайының нашарлауы, азаматтардың банктер алдындағы берешек сомаларының көбеюі, тұрмыстық әл-ауқатының төмендеуі әсер етіп отыр.

Жалпы аталған заңның  мақсаты – азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету, қарыздар бойынша төлем жасауға ынталандыру.

Халықаралық тәжирибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрі енгізілді:

1. Соттан тыс банкроттық;

2. Сот банкроттығы;

3. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Рәсімдерге жеке-жеке тоқталатын болсақ:

I. Соттан тыс банкроттық рәсімі жеке тұлғалардың екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары бойынша жүргізіледі және оны мемлекеттік кірістер органдары қарастырады.

Соттан тыс банкроттық рәсімді жеке тұлғаларға қолданудың бірден-бір талаптары – екінші деңгейлі банктер, қаржы ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары болуы, қарызының мөлшері 5 520 000 теңгеден аспауы.

Анықтама   (2023 жылы АЕК 3450 теңге*1600). борышкер қарызын соңғы 12 ай қатарынан төлемеген жағдайда қолданылады. 

Сонымен бірге борышкердің меншік құқығында мүлкі, көлігі, сондай-ақ ортақ сатып алынған (жұбайының атындағы) мүлкі болмауы тиіс.

Соттан тыс банкроттық рәсімінің  ерекшеліктері – жеке тұлға соңғы 6 ай бойы мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алса және оның берешек сомасы 5520000 теңге көлеміне жетпесе де өтініш беруге мүмкіншілігі бар.

Соттан тыс банкроттық рәсімінің  тағы да бір ерекшелігі егер, қарыз 5 жылдан артық уақыт мерзімде өтелмесе, жоғарыдағы аталған барлық шарттар ескерілмейді.

II. Сот банкроттығы рәсімі сот тәртібімен шешіледі, яғни жеке тұлға осы рәсімді қолдану жөнінде сотқа өтініш беру арқылы жүзеге асыра алады.

Бұл рәсімнің шарттары  жеке тұлғаның барлық  банктер, микроқаржы ұйымдары, жеке және заңды тұлғалар алдындағы келісім-шарт негізіндегі қарыздары, мемлекет алдындағы салықтар мен міндетті төлемдер бойынша қарызы ескеріледі.

Осы рәсім барысында жеке тұлғаның атында мүліктер анықталған жағдайда, берешектерді өтеу мақсатында мүліктері аукцион арқылы сатуға шығарылады.  Егер жеке тұлғаның  жалғыз тұрғын үйі банк  кепілінде болса, онда банк аталған мүлікті алып қоюға толық құқылы.

Ал егер жалғыз тұрғын үйі банк кепілінде болмаса, ол өндірілуге жатпайды. Аталған рәсім барысында мүліктерді анықтау және сату жалпы талдау жұмыстарын жүргізу қаржылық басқарушыға жүктеледі. Сот банкроттық рәсімінің мерзімі 6 ай және 6 айға  ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Рәсімді қолдану барысындағы мынадай  шектеулер қойылады:

1. Әрбір жеке тұлғаға аталған рәсімді қолдану барысында өз меншігіндегі мүліктерді иеліктен шығаруға яғни сатып жіберуге немесе сатып алуға құқығы жоқ. 

2. Сонымен қатар  шетелге шығуға тыйым салынады.

III. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінде де жеке тұлғаның қарыз сомасын өтеуді сот қарастырады. Жеке тұлғаның қалыптасқан барлық қарыздары 5 жыл көлемінде бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Өтініш борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа берілуі тиіс. Жеке тұлғаның берешек сомасы өзінің меншігіндегі мүліктері құнының мөлшерінен аспауы керек.

А.АБДУМАНОВА,

облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің

басқарма басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<