«Басы ащы, аяғы тұщы» болса игі

1776

0

Сурет ашық дереккөзден

Қызылордалық «Қайсар» биылғы біріншілікті сәтсіз бастады. Алғашқы үш турда бірде-бір ұпайға қол жеткізе алған жоқ. Әрине, бұл жергілікті жанкүйерлердің көңілінен шықпай отыр. Десе де доп додасы енді басталғанын ескеру керек.

Былтыр да қызылордалық команда алғашқы екі турда қарсыластарына есе жіберіп қойғаны белгілі. Одан кейін ғана команда тартысты ойын көрсете бастаған еді. Бас жүлдеден үмітті болған «Қайрат» және «Тобыл» секілді клубтарды сырт алаңда сүріндіріп, ұпай қорын молайта түсті. Мұның өзі спорттың сиқырын көрсетеді.

– Жанкүйерлер ренішін түсінеміз. Олар командадан әрдайым жеңіс күтеді. Алғашқы екі ойында команда құрамын жасақтауда қиындық кездесті. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына қатысқан кейбір футболшылар виза мәселесіне байланысты Қызылордаға уақытында келе алған жоқ. Сондай-ақ команданың дайындығына кешірек қосылған ойыншылар бар. Айналып келгенде, ол команда біріншіліктің алғашқы екі турында футболшылардың өзара түсінісіп ойнауына кері әсерін тигізді. Ал «Елімай» кездесуде қарсылас ұжымға тегеурінді қарсылық көрсете алдық. Ойын тағдырын бір ғана гол шешіп кетті. Кейбір сәттерде төреші тарапынан бұра тарту жағдайы кездесті. Оны жанкүйерлер де көрген шығар. Бұған дейінгі жіберген қателіктен тиісті сабақ алдық. Алдағы ойындарда жанкүйерлерді жеңіспен қуантамыз деген сенімдеміз, – деді команданың спорттық директоры Мақсат Байжанов.

Рас, биыл «Қайсардың» құрамына шетелдік және отандық тәжірибелі ойыншылар қосылды. Олардың қатарында Тоқтар Жаңғылышбай, Айбар Жақсылықов, Думан Нәрзілдаев, Руслан Юденков, Валерий Громыко, Шохнозар Норбеков, Йован Пайович бар. Олардың кейбірі еліміздің ұлттық құрама сапында түрлі жарыстарға қатысып жүр. Шетелдіктер арасында өз елінің құрамасына шақырту алып жүргені де бар. Демек олар осал ойыншылар болмағаны.

– Былтыр бірінші лигадан шыққанына қарамастан «Қайсар» маусым біткенде алтыншы орынға табан тіреді. Шәкірттерім осылайша жергілікті жанкүйерлердің сенімін ақтады. Талай мықты қарсыласпен терезесі тең деңгейде ойын көрсеттік. Бұған байланысты көптің ризашылығын да естідік. Команда жігіттері аянып қалып жатқан жоқ. Жеңістің жақын екеніне сенемін, – деді бас бапкер Виктор Кумыков.

«Қайсардың» капитаны Руслан Сақалбаев командада барлығы қалыпты, өзара түсіністік бар екенін айтты.

– Жанкүйерлерді алдағы матчтарға шақырамыз. Біз әрбір кездесуге жауапкершілікпен қараймыз. Мықты ұжымдарға да лайықты қарсылық көрсете аламыз. Алдағы біріншілік ойындары мен Қазақстан кубогы бар. Солардың барлығында жергілікті жұртшылықты желпіндіретін ойын көрсетуге тырысамыз, – деді ол.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<