Батыр рухы ұлықталды

813

0

Облыс орталығындағы Т.Шевченко атындағы көшеге Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаевтың есімі берілді. Іс-шараға ҚР Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Мөрәліұлы және батырдың бауырлары қатысты.

− Бұл шара еліміздің ең қасиетті де, қастерлі мерекелер − Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл мерейтойымен, 9 мамыр − Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылуымен ерекшеленіп отыр. Бiз азаматтық арды ту етіп, өз өмiрiн құрбан еткен батыр бабаларымыздың алдында бас иемiз. Майдангердің құрметіне берілген көше − ынтымақты халқымыздың мерейін асқақтатар көрікті орындардың біріне айналсын, − деді қала әкімінің орынбасары Ж.Сейілов.

Сондай-ақ, ҚР Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Мөрәліұлы жауынгердің өмір жолы туралы айтты.

Мұнан соң «Достық үйінде» «Ер есімі − ел есінде» атты облыстық танымдық конференция өтті. Жиынды облыстық мәслихат хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов жүргізді.

− «Ерсіз − ел болмайды, елсіз − ер болмайды» дейді батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Үрмәш Түктібаев соғыста өзінің қайсарлығымен,  қайраттылығымен, ержүрек батырлығымен дараланған. Кеңес Одағының Батырын еске алып, ұлықтау, жанкешті ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыру, сол арқылы отаншылдыққа тәрбиелеу − ортақ міндетіміз. Батыр рухын ұлықтап, жастар арасында патриоттық тәрбие қалыптастыруда бүгінгідей шаралардың тәуелсіздік үшін маңызы зор деп білеміз, − деді Н.Байқадамов.

Конференцияда  Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғалымдары батырдың өмірі мен ерлігі туралы баяндама жасады.

Жауынгер майдан даласында 391-атқыштар дивизиясында пулеметші, кейіннен пулемет бөлімшесінің командирі болған. Төрт рет жараланса да, қатарға қайта қосылып отырған. 1944 жылы Латыш елінің Нирза қыстағының маңында 3 күнге созылған қанды шайқаста жауды ілгері жылжытпау үшін ерліктің орасан үлгісін көрсеткен. Қаламгер Әлмамбет Әлішовтің «Үрмәш Түктібаев» атты еңбегінде, «Қарша бораған оқ астында жүріп жаудың әлсіз шебін байқап қалған ол, өзінің орнын тез таңдап алды да, шабуыл жасаған фашистерге қол пулеметімен оқ жаудырады. Көптеген неміс фашистерін жер жастандырды. Күш тең емес еді. Шабуыл жасаған жаудың саны көп болатын. Дәл осы мезетте Үрмәш жау оғының лаулаған отын кесіп өтіп, оқ жетер жерге бекініп алып, шайқасты жалғастыра берді. Фашистер оны орап өтіп тірідей қолға түсірмекші болды. Мұны сезген ол жауға қарсы оқты бората түсті. Оғы таусылған соң жаумен қолма-қол ұрысқа көшеді. Салмағы жарты пұттан асатын қол пулеметінің дүмбісімен жауға қарсы шығады. Осы шайқаста Үрмәш батыр жалғыз өзі жиырмадан астам фашисті жер жастандырады. Ажалдың таянғанын сезсе де жау алдында  бас имеді. Бірақ бекінген жерін жауға бермеді. Үрмәш асқан ерлік жасап қаза тапты. Оның денесі Латыш елінің Нирза қыстағындағы бауырластар зиратына жерленген» деп жазды.

Айта кету керек, жауынгер ерлігін ұлықтау шаралары 7-8 мамыр күндері грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирмен жалғаспақ. Халқымыздың қаһарман батыры Үрмәш Түктібаевтың өнегелі өмірі мен ерен ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа осылайша үлгі болып қала бермек.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<