Қызылордада тұңғыш рет бауыр трансплантациясы жасалды. 32 жастағы жігіт 40 жастағы туған жеңгесіне бауырының бір бөлігін берді.
Келіншекке он жылға жуық уақыт бұрын бауыр циррозы диагнозы қойылған. Дәрігерлер оған ауырсынуды басу, қабынуды азайту үшін дәрі-дәрмектер қолданып көмектеспек болған. Алайда, консервативті емнен еш нәтиже шықпады. Қиын да күрделі отаны облыстық көпбейінді аурухананың дәрігерлері Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов бастаған трансплантологтар тобымен бірге жасады.
Пациенттің күйеуі, бауыры донор болуға тілек білдірген болатын. Бірақ талапқа сәйкес болмай шықты. Донор ретінде қайнысының бауырының 60-65 пайызы реципиентке салынды. Он сағатқа созылған ота сәтті аяқталды.
Қазіргі уақытта ем алушы бұрынғы өмірiне оралды десек болады. Ем-домға тәуелділiк, уақыт пен тамақтануға байланысты шектеулерден босады. Енді жұмыс істеп, белсенді өмір салтына көше алады.
Мұндай күрделі оталар бұрын тек Алматы, Астана қалаларында жасалса, қазір оған жергілікті мамандардың тәжірибесі жеткілікті. Көпбейінді ауруханада өткен жылы 6,5 мыңға жуық ота жасалды. Оның ішінде 89 жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді. Ашық жүрекке 150 ота, 6 рет бүйрек трансплантациясы жасалды. Бауыр ауыстыру отасы алдағы жылдары да жалғаспақ. Бүгінде Қызылорда облысының 16 тұрғыны еліміздің емдеу орындарында бауыр трансплантациясын жасатқан. Олардың денсаулығы жақсы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовтың айтуынша, өңірде 764 адам бүйрек, 76 науқас бауыр ауыстыру кезегін күтіп тұр.
– 2023 жылы облыста алғаш рет бүйрек трансплантациясы, ал кеше тұңғыш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды. Бізге қолдау білдірген ұлттық ғылыми хирургия орталығындағы әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз, – деді ол.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<