Бестомдыққа ғалымдар үлесі зор

814

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары және студенттері БАҚ өкілдерімен кездесті. «Заманауи сұранысқа ие журналиске қажетті қасиеттер» атты жиында ақпарат саласының бүгіні мен болашағы туралы кеңінен айтылып, қазіргі өзгерістер талқыланды.

Сондай-ақ, жиында «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығын даярлауға үлес қосқан университет оқытушылары марапатталды.

Оқу ордасы облыстағы бірнеше басылымды бір шаңырақ астына топтастырған «Сыр медиа» серіктестігімен тығыз байланыста. Мәселен, 2019 жылдан бері ынтымақтастық аясы кеңейіп, осы шеберханада журналист мамандарын даярлайтын «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының филиалы жұмыс істейді.

– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде журналистика мамандығының ашылғанына 25 жылдан асты. Біз қашан да өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыстамыз. Қазір өңірде жұмыс істеп жүрген журналистердің 70 %-і – біздің түлектер. Олардың қол жеткізген жетістіктерімен мақтанамыз.

Біздің түлектердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және университет  жұмысын ақпараттық тұрғыдан насихаттауға жергілікті ақпарат құралдары әрдайым қолдау білдіріп келеді, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова.

Жиында университет түлегі, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев еліміздегі өңірлер  арасында  алғаш рет ақпарат саласының өкілдері өз тарихын зерттеп-зерделеп, бес томдық кітап даярлағанын атап өтті. Сондай-ақ, «Сыр журналистикасының тарихы» еңбегін жазуға  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары үлкен үлес қосқанын жеткізді. 

Кездесу барысында алдағы уақытта да екіжақты әріптестік байланысты нығайту шаралары талқыланды.

«Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының шығуына үлес қосқан Бағдат Кәрібозұлы, Ғабит Тұяқбаев, Сағат Тайман, Зухра Ермағанбетова, Асыл Оразова, Аягөз Абдразақова, Гүлзира Оралова сынды зерттеушілер облыс әкімінің, облыстық мәслихат хатшысының, «AMANAT» партиясы облыстық  филиалы атқарушы хатшысының Алғыс хаттарымен марапатталып, көптомдық   табысталды. 

Кездесуге «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасарлары Айжан Абдуллаева, Дәурен Омаров, қалалық «Ақмешіт апталығы» газеті бас редакторының орынбасары Гүлмира Ділдәбекова қатысты.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің баспасөз хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<