Білім ардагерлері дара басшыны еске алды

457

0

Облыстық білім басқармасы жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының бастамасымен қаладағы №1 Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназияда Қызылорда қалалық білім беру бөлімін 15 жылдан аса уақыт басқарған, білім саласының дарабозы марқұм Сейітқасым Жүнісовты еске алу кеші өтті. Кешке ардагер ұстаздың әріптестері мен сыныптастары, жұбайы Ұлтай Балмағанбетова және БАҚ өкілдері қатысты.

Еске алу кешін облыстық білім саласы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Ғалым Бекенов ашып, Сейітқасым Баяхметұлының білім саласындағы еңбегі мен өмір жолына тоқталды.

Кезінде білікті басшы, дарынды ұйымдастырушы бола білген С.Жүнісов бір кезеңдері осы №1 май атындағы мектепті бітіріп, қаладағы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдап, облыстық білім басқармасында қызмет атқарды. Кейіннен Сырдария ауданы мен Қызылорда қаласы білім бөлімдерін 30 жылға жуық басқарғандағы жеткен жетістіктерін айтып өтті.

Мұнан соң сөз алған №1 Қ.Мұхамеджанов атындағы мектеп–гимназияның директоры Қ.Изатуллаев аталған мектепте білім алған Сейітқасым Баяхметұлының Қызылорда қалалық білім бөлімін басқарып тұрған жылдарында талай рет осы мектепте республикалық, облыстық семинар-кеңестер өткізгендігін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған сыныптасы Ж.Нұрыкешов, білім саласының ардагерлері Т.Науанов, М.Подольский, О.Қосанов, Г.Оспанова, Р.Байназарова әдемі естеліктерімен бөлісті.

Кеште білім саласының майталманы, С.Жүнісовтың жары, ардагер-ұстаз Ұ.Балмағанбетова еске алу кешін ұйымдастырған азаматтарға алғыс сезімін білдірді.

Жанболат ӨМІРЗАҚ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<