Білім сынағы басталады

833

0

Ертең 25 мамырда 2021-2022 оқу жылы аяқталады. Әдеттегідей, барлық мектептерде емтихандар тапсыру кезеңі басталады. Алдын ала бекітілгендей, 9-сынып оқушыларының бітіру емтихандары 28 мамыр – 6 маусым аралығында, ал 11-сынып бітірушілер үшін 27 мамыр – 10 маусым аралығында өтеді. Биылғы оқу жылындағы өзгеріс: 11-сыныптарға Қазақстан тарихы пәнінен емтихан ауызша болады. Барлығы 30 билет беріледі, әр билетте 3 сұрақтан, оқушылар ауызша жауап береді.

Тағы бір жаңалық, биыл оқу жылы аяқталған соң орта білім беру ұйымдарының базаларында 26 мамыр мен 17 маусым аралығында 1-8, 10-сыныптағы білім алушылар үшін жазғы мектеп жұмыс істейді. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, жазғы мектепті ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар барлық білім беру ұйымдарына жолданды. Осылайша оқыту сапасын арттыру, жалпы білім алушылардың, оның ішінде үлгерімі төмен оқушылардың күрделі пәндерді игеруіне ерекше басымдық беріліп отыр. Жазғы мектептің сабақ кестесі мен жұмыс жоспары бекітілген, топтардағы немесе сыныптардағы толымдылық 25 адамнан аспайтын болады.

«Соңғы қоңырау» мерекесінен кейінгі «Аттестат тапсыру» рәсімі барлық мектептерде 16-17 маусым күндері өткізіледі деп жоспарлануда. Баршамызға белгілі, кейінгі екі жылда, яғни, кешегі карантин кезінде «соңғы қоңырау» салтанаты қатаң тәртіппен, бекітілген шектеулер шеңберінде өткен еді. Бұл жағдай бітіруші түлектердің көңіл-күйіне кері әсер еткенін де жасыруға болмас. Ал, биылғы мектеп бітірушілер үшін «соңғы қоңырау» өз деңгейінде аталып өтеді. Алайда облыстық білім басқармасы балалардың қауіпсіздігін басты назарға алып, олардың өз бетінше ақша жинап, басқосулар өткізуіне қатаң тыйым салып отыр.

2021-2022 оқу жылында 8 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге 7508 оқушы қатысады деп күтілуде. Ең бастысы – барлық процестің ашықтығы қамтамасыз етіліп, қатысушыларға қолайлы жағдай жасалған. Айта кетейік, биыл ҰБТ тапсырушы түлектерге тест тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік беріледі. Талапкер тек бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдай алады, пәндердің санында өзгеріс жоқ. Ең жоғары ұпай саны – 140 балл. Ал, ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін алғаш рет негізгі 240 минутқа қосымша тағы 40 минут берілді. Сонымен бірге, олар үшін тест нұсқалары суреттерсіз, диаграммаларсыз және сызбаларсыз әзірленген.

Түлектердің ҰБТ-ға дайындалуы үшін Ұлттық тестілеу орталығының тегін онлайн-сынақ тестілеуі іске қосылды, бұдан бөлек, орталықпен бірлесіп әзірленген тегін онлайн сабақтар өтіп жатыр. Егер үміткерлер емтихан нәтижесімен келіспеген жағдайда тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады.

Биыл облыс бойынша 292 оқушы – «Алтын белгіге» үміткер. Оның 99-ы – Қызылорда қаласы мен облыстық мектептерден болса, қалған 193-і – аудан мектептерінің түлектері. «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында «алгебра және анализ бастамалары» пәнінен тапсыратын мемлекеттік емтиханы келесі, яғни, 2022-2023 оқу жылына ауыстырылды. Бұл орайда биыл мектеп бітірушілер емтиханды өз мектебінде тапсырады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<