Білімді ұрпақ – жарқын болашақ

312

0

Кеше облыстық мәслихаттың VII сессиясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, мәслихат депутаттары және басқарма басшылары қатысты. Күн тәртібінде барлығы 11 мәселе қаралды.

Депутаттар алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановтың есебін тыңдады. Мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесінде аталған саланың индикаторы мен көрсеткішінде оң өзгерістер байқалып отыр. Биыл білім саласына жоспарланған қаржы 245 млрд теңгені құрап, 19 пайызға артты.

Мектепке дейінгі білім беретін 680 мекемеде 54129 бала тәрбиеленуде. Қазіргі таңда 3-6 жастағы сәбилер толықтай балабақшамен қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша меншік нысанына қарамастан, өңірдегі 6 мыңнан астам тәрбиешінің жалақысы 30 пайызға артты. Жыл басынан бері балабақшалар желісін кеңейту мақсатында оң істер жүзеге асты.

Облыста 180 мыңнан астам бала 325 мектепте білім алады. Биыл бірінші сыныпқа 17543 бала қабылданды. Апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесін шешу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жаңа оқу жылында 4 мектепте 2 мың балаға арналған қосымша ғимараттар пайдалануға берілді. Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан 600 орындық мектеп ел игілігіне айналып, үш ауысыммен оқитын №№261, 280 мектептегі оқушы жүктемесін төмендетті. Жыл соңына дейін Арал ауданы Тоқабай елді мекені, Қазалы ауданы Әйтеке би кенті, Шиелі ауданы Байсын ауылы, Жаңақорған ауданы «МАИ бекеті» аумағында білім ошағы есігін айқара ашады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 мектеп бой көтереді. Оның 10-ы биыл басталса, қалғаны алдағы жылы жүзеге асады. Айта кетсек, 4 апаттық мектептің мәселесі аталған жоба негізінде шешімін табады. 2025 жылы өңірде үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешіледі деген жоспарымыз бар, – деді басқарма басшысы.

Облыста дарынды оқушыларды қолдау мақсатында биыл Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында мамандандырылған мектеп-лицей-интернат жұмысын бастады. Облыс орталығында 400 оқушыға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ балаларды қосымша біліммен қамту мақсатында заманауи «Оқушылар сарайының» іргетасы қаланды. Оған жергілікті «ҚазГерМұнай» компаниясы қолдау көрсетіп отыр.

Облыста ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан түлектердің 77,5 пайызы грант иегері атанды. Талапкерлердің басым бөлігі педагогикалық мамандықтарды таңдады. Сондай-ақ балаларды ыстық тамақпен қамту, олардың қауіпсіздігі мәселелеріне назар аударылған.

Басқарма басшысының баяндамасынан кейін депутаттар тақырыпқа байланысты ой-пікірін, ұсынысын жеткізді. Депутат Ібайдулла Тілеп Қазалы ауданындағы «Шағала» балалар сауықтыру лагерінің жай-күйі жөнінде мәселе көтерді. Бұған байланысты басқарма басшысы аталған ғимараттың мәселесі қайта қаралатынын айтты.

Ал Жангелді Ысқақ, Аида Әбибуллаева, Балжан Шәменова, Садық Мұстафаев мектеп және балабақшаны жөндеу, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету және оның сапасы, балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесі, инклюзивті білім беру мәселелерін қозғады. Бұған байланысты басқарма басшысы жауап беріп, кейбір мәселелер бойынша алдағы уақытта жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, мәслихаттың кезекті сессиясының күн тәртібіне қойылған «Қызылорда облысының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту», «Қызылорда облысының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы облыстық комиссияның құрамын бекіту туралы» облыстық мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу туралы және өзге де мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<