Бір кітаптың ізімен

1187

0

Облысқа белгілі азамат Өмірбек Мөрәліұлы туралы «Өмір белестері» атты кітап қолымызға тиді.

Бұл Ө.Шәменовтің 70 жасқа толуына орай жұбайы Сәуле Қайыпназарқызының, отағасына арнап жазған автобиографиялық туындысы болып шықты. Кітапты азаматының еңбек жолын дерекпен қоспасыз, бояусыз, ой елегінен өткізіп жазған. Әрине 45 жыл бірге өмір сүріп, өмірдің қызығын да, қиындығын да бірге көрген  адамнан артық кім жаза алады? Сәуле келін Өмекеңе «Сізді жақсы білетін, екі адамның бірі менмін» деп дұрыс айтқан.

Кітапта шежіреден басталып, қысқаша өмір жолы, атқарған қызметтері, қатысқан адамдары туралы деректі материалдар қамтылған. Ол – өңір экономикасының өркендеуіне, дамуына өз үлесін қосқан ары, көңілі, ниеті таза азамат. Олай дейтінім мен әр нәрсенің, өзім білетін әр азаматтың қадір- қасиетін  білетін жастамын. Өмекеңнің туып-өскен отбасы, әкесі Мөрәлі Шәменұлы, ағалары Айтмұрат, Атамұрат, қарындасы Балжанмен дәмдес, жұмыстас болдым.

Кітапты саралап, баға беруден аулақпын. Дегенде Сәуле жазған оқиғалар тартымды. Көңіліне түйгендерін, көргендерін ашық, анық жазған. Өнегелі ойы тақырыбын тапқан. Оқырманын ынталандырып алға тартады, айналасы бір-екі күнде оқып шығуға жетелейді.

Оңдағы адамдар – кеше ғана бірге аралас-құралас, сыйлас болған кісілер. Солармен қайта кездескендей сезімде болдым.

Менің бір байқағаным автор басынан өткен күндерді байыппен, саралап жазған. Келін мен ененің қарым-қатынасы қандай жарасымды!  Енесі Ақшонық Аханайқызы «Ақылың бар» ғой деп бекер айтпаса керек. Бұл күндері сол аналардың сарқытындай болымды, жайсаң бәйбішеге айналды. Өмір жолындағы жетінші белесті бағындырған, бақытты ұрпақтары өсіп-өніп жетілуде.

Менің риза болғаным Сәуленің үй тұрмысындағы бар жауапкершілікті, шаруашылықты меңгеріп кетуі, ата-баба рухына деген  тағзымы, дастархан мәдениеті, ағайын-туыстарының сенімі, жолдастарымен сыйластығы бекзат болмысын дәлелдегендей.

Кейінгі кезде ене мен келін проблемасы көп айтылатын болды. Бұл тұрмыстағы өткір мәселеге айналып барады. Осы тұрғыда «Өмір белестері» кітабындағы жазылғандар жас келіндерге үлгі-өнеге болатындай.

Отбасының бірлігі, жұбайының абыройын бірінші орынға қойып, өзінің сол отбасына келін екендігін терең сезініп үлкен абырой иесіне айналғаны көрініп тұр. Шіркін, салт-дәстүрін сыйлаған осындай келіндер көп болса екен.

Авторға мың алғыс айта отырып, Өмекеңмен қол ұстасып, соңынан ерген ұрпақтарының қызығын көре берсін деп шынайы ықыласымды білдіремін. Алдағы уақытта жас келіндерге ой салатын тағы бір кітап жарық көре ме деген ойдамын.

Тұрғанбай Маханов,

Қызылорда облысының «Құрметті азаматы»

ҚР Еңбегі сіңген дәрігері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<