Бірлігі берік ұжым

1318

0

Төрткүл әлем халқын биыл пандемия індеті дүрліктірді. Әйтесе де, ауру келеді де кетеді, ал өмір өз жалғасын табады. Елімізде төтенше жағдайға байланысты жарияланған карантин кезінде тұрғындар күнкөріс көзінен айырылғанда үкімет оларға 42500 теңге жәрдемақы тағайындады.


Жәрдемақы тағайындайтың мекеменің табалдырығын аттадым. Бөлім басшысымен әңгіме барысында Қазалы ауданы бойынша наурыз айынан бері 25 мыңға жуық адамға осы жәрдемақы тағайындалғанын білдім. Биылғы зейнетақы мен жалпы әлеуметтік төлемдер аталған жәрдемақымен қоса есептегенде 13 миллиард 200 миллион теңге көлемінде болған. Осындай орасан зор цифрдың артында ерен еңбек тұрғанын байыптадық.


Нақты кезеңде бұл мекеме аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі деп аталады. Сонау кеңес заманында оны халық «райсобес» дейтіні есте. 1997 жылдан бастап «Зейнетақы төлеу орталығы» болды, 2016 жылдан беріде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корппорациясының әлеуметтік сала бойынша Қазалы аудандық бөлімі деп аталады.
Бөлім басшысы Тәуірбай Құлмұрат мекеменің жұмысын ұлы Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген жыр шумағына сәйкес түсіндіруі маған ерекше ұнады.


Сәби ана құрсағына біткен кезден бастап есептеліп, анасының босануға дейінгі және кейінгі, сонан соң бір жасқа дейінгі несібесін, анасы көп балалы болса 18 жасқа дейінгі жәрдем ақысын есептеп төлейді. Ол бала есейіп жұмыс істеп жүргенде еңбекке уақытша жарамсыз болса жәрдемақысын есептеп төлейді, ал мүгедек деп танылған жағдайда өмірлік жәрдемақы тағайындайды. Ол адам зейнет жасына келгенде зейнетақысын есептеп шығарады, ең сонында жасы келіп, о дүниелік болғанда да жерлеу үшін соңғы несібесін есептеп, төлейді.


Мекемеде ауданы бойынша 17 мың адамға 26 500 бетесеп ашылып, оларға ай сайын 1,5 миллиард теңге әлеуметтік төлем төленеді. Оның 780 млн теңгесі зейнетақы, 270 млн теңге мүгедектердің, қалған 470 млн теңгесі көп балалы отбасылардың жәрдемақысы.


Жоғарыда аудан халқына бір жылда 13 миллиард 200 млн теңге төлем төленгенің айтып өткенмін, карантин кезінде мекеме қызметкерлері уақытпен санаспай еңбек етті. Тіпті, есептеп үлгеруі үшін сенбі-жексенбідегі демалыс күндері де тынбай жұмыс істеді. Аянбай еңбек еткен қызметкерлер арасында ауырып, жұмысқа қайта шықандары болды. Бірлігі берік ұжымның мамандары бұл қиыншылықтың уақытша екендігіне түсіністікпен қарап, өз жұмыстарын абыроймен атқарып шықты.


Мұнда барлығы 13 қана қызметкер бар. «Лайықтыны – құрметте!» деген сөз бар қасиетті хадисте. Олардың әрқайсысы да атап өтуге лайық жандар. Бас маман – Асылбек Күншығар мен Қылышбай Қанат тағайындалған төлемдер мен бетесптердің дұрыстығын тексеріп, құқықтық органдар және кірістер басқармасымен жұмыстарды үйлестіреді.


Мамандар Қоныс Көбегенов, Рауан Шыныбаев, Серік Бегалы, Дулат Нұралиев, Мәтіш Эльмира және Жанат Нұралиева әлеуметтік төлемді тағайындауға келеген азаматтарға керекті құжаттардың кем-кетігін айтып түсіндіреді, еңбек табысын есептеп береді.


Аудандағы және онан тыс жерлердегі зейнеткерлер қайтыс болғанда аудандық ішкі істер бөлімі мен АХАЖ тарапынан келіп түскен ақпарға сай зейнетақысын дер кезінде тоқтатады. Мұрағатшы Салжекешова Айқанның да жұмысы жетіп артылады. Өйткені, мұрағатта 35000 құжат сақтаулы. Ол келушіге кез келген уақытта керек мәліметті тауып береді.


Халықтың алғысына бөленген мекеменің басшысы Тәуірбай Құлмұрат қаржыгерлер отбасында дүниеге келген. Оның еңбегін ерекше атап өтуге болады. Әкесі Задаш Құлмұрат жоғары білімді экономист-есепші ретінде бірнеше кеңшарда, ДСУ-8, ЖБИ секілді іргелі мекемелерде еңбек етті. Зейнеткерлікке «РЗА» АҚ-нан шықты. Анасы Мариямкүл де есепші-экономист болатын, зейнеткерлікке шықан соң дүниеден озды. Задаш пен Мариямкүлдің балаларының барлыға да жоғары білімді, Тәуіржаны Әйтеке би кенті әкімінің орынбасары, Айгүлі №266 мектеп-лицейде мұғалім. Гүлжазира болса аудандық аурухананың хирург-дәрігері.


Белгілі ұстаз Сәуле Қожантаеваның шәкірті Тәуірбай Құлмұрат кенттегі №216 мектепті күміс медальмен тәмамдады. 2001 жылы Қорқыт ата атындағы университті қаржыгер мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын осы жерден бастады. Астана қаласындағы әлеуметтік сала қызметкерлерін даяралайтын курсты бітіріп алды. 2004 жылы аға маман, 2006 жылы бас маман болды, 2007 жылдан бастап осы мекеменің басшысы. Аудан орталығындағы №234 мектепте еңбек ететін зайыбы Гүлжазира екеуі екі қыз тәрбиелеп отыр.


Жас та болса осы салада қызмет еткенінің өзіне 20 жылдай уақыт болыпты. Еңбегі ескерусіз қалған емес, сала министрінің қолынан «Әлеуметтік саланың үздігі» медалін алды. Корпорацияның «Әлеуметтік саланың құрметті қызметкері» деген медаліне де ие болды. Бастысы, халықтың алғысы дейді ол.

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<