Болашақ университетіне жаңа ректор келеді

1062

0

Бұл туралы Қуаныш Дәуренбеков хабарлады. Оқу орнын үш жыл басқарған ғалым, қызметіне алғаш келгендегі қорқынышын, қазір не себепті ауысып жатқанын жеткізді. «Алла нәсіп етсе, бәріне де уақыт емші!» — деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына.

«Ия, адам өмірінде түрлі кезеңдер өтері сөзсіз. 2019 жылдың 1 ақпанында жаңа ұжым Болашақ Университеті-не келгенде түрлі уайым мен қорқыныш бойымды билеп тұрғанда университет Ғылыми жетекшісі Бакберген Досманбетов Сәрсенұлы үлкен сенім артып, оқу ордасының тізгінін ұстатты. Зейнегүл Рамазанқызы апайымыз екеуі мені тек өздерінің кезекті қызметкері емес, өз балаларындай қамқорлық пен жанашырлық таныта отырып, университетте қарқынды жұмыс, идеяларды кедергісіз жүзеге асыруыма қолдау және мотивация бола білді. Үш жылдан астам уақытта Болашақ университеті азды-көпті жетістіктерге де жете білді. Оның куәгері барша қоғам деп айтуға болады» деді.

Ал қызметтен кету себебін «Өмір болған соң, адам тәні де ауырып, шипа қажет етері де хақ. Қазіргі таңдағы сырқаттар жас талғамай, жасанды интеллект боп жататынымыз да белгілі. Сондықтан, тәнді әбден емдеп, қайта күшке еніп, ел игілігі үшін әлі де талай жұмыстар жасау – біздің азаматтық борышымыз деп санаймын» деп түсіндірді.

Ол бүгіннен бастап Болашақ университетіндегі ректорлық қызметін босатты. «Болашақтың болашағы жарқын! Әрдайым тілекшімін! Біз біргеміз! Әрдайым қолдау көрсеткен ұжымдастарыма, достарыма және барша қауымға мың алғыс!» білдірді.

Жаңадан ректор болып кім сайланатыны белгісіз. Оқу орнының ресми парақшасына жарияланбады.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<