Бітімге келу – көп күрмеудің шешімі

340

0

Өткен жылдан бері екінші деңгейлі банктерден несие алғандардың өтемақы шығындарына заңсыз қосылған ақшалар сот арқылы кері қайтарылуда. Жалпы былтыр сотқа банк­тен өтемақы өндіру туралы талап арызбен жүгінгендер саны артыпты. Қалалық соттың төрағасы Мұхтар Еркінбековтің баяндауынша, осындай іс саны 4858-ге жетті, көрсеткіш бұрынғыдан үш есе өскен.

Екінші деңгейлі банктер жеке тұлғаға несие бергенде оған ай сайын төлеуі үшін несие шотын ашып отырған, шот ашқаны және оны несие жабылғанша ұйымдастырғаны үшін банктер комиссия ұстап келген. Себебі, банктер жеке тұлғаға несие шотын ашу және оны ұйымдастыруды бөлек банктік операциялар деп есептеп, комиссияларды банктік қарыз шартына қосқан және комиссиялардың мөлшерін не­сиені төлеу кестесінде көр­сеткен.

Алайда, «Ақша төлемі мен аударым туралы» ҚР Заңына сәйкес, несие шоттары банктік шоттарға жатпайды. Яғни, жеке тұлғаларға несиені ай сайын төлеп тұру үшін банктер ашқан несие шоттары бойынша ешқандай бөлек банктік операциялар жүргізілмейді. Осыған орай, 2016 жылға дейін алынған несие бойынша төленген комиссиялар қайтарылуда.

Одан бөлек, сот төрағасы азаматтық істердің сот төре­лігінде қарау сапасы, сот өндірісіне қабылданған, қай­тарылған және қараусыз қал­ған талап арыздар және тоқта­тылған істердің статис­тикалық мәліметтеріне тоқталды.

– Өткен жылы қалалық сотқа 16315 азаматтық іс және талап арыз түсіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3800 іске азайған. Бұл, ең алдымен сотқа дейінгі татуласу пи­лоттық жобасы аясында бе­кітілген бітістіруші су­дья­лардың арқасы, – деді М.Ер­кінбеков.

Айта кету керек, об­лыс­тағы медиаторлардың жұ­мы­сы жақсы нәтиже беріп ке­леді. Бұған статистикалық мә­ліметтер дәлел. Өткен жыл­дың 12 айында медиация тәр­тібінде 586 азаматтық іс өн­дірістен қысқартылған. Демек, дауласқан тараптарды сотқа дейін-ақ бітімге келтіріп, татуластыру жолын тауып отырған медиаторларға деген сенім көбейген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<