Бүгін Сәбит Мұқановтың туған күні

1645

0

Бүгін қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Мұқанов Сәбит Мұқанұлының туған күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәбит Мұқанұлы 1900 жылы 26 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Сәбит Мұқанов атындағы ауылда туған. Омбыдағы оқытушылар курсын, Орынбордағы жұмысшылар факультетін, Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімін бітірген. Ауыл молдасынан оқып, хат таныған. Жасынан ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренген.

14-15 жасынан өлең-жырды ауызша да, жазып та шығара бастайды. 1918-1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында білім ала жүріп Мағжан Жұмабаевқа хатшылық еткен. Қазақстанның халық жазушысы әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір, заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетикалық мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, тағы басқа сан-салалы кітаптар жазды.

Қаламгердің «Адасқандар» романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі саналды. Ол бұл романды едәуір өзгерістер енгізіп, 1959 жылы «Мөлдір махаббат» деген атпен қайта бастырып шығарды. 30-жылдары «Майға сәлем» (1933), «Сөз – Советтік армия» (1934) атты өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы (1935), «Жұмбақ жалау» романы (1938), тағы басқа туындыларынан замандас бейнесі, қоғам кескіні аңғарылады. Одан соң «Теміртас» (1935), «Есіл» (1937) романдары, «Достар» (1937) повесі, тағы басқа шығармалары жарыққа шыққан. «Жұмбақ жалау» (1938, «Ботагөз», 1948, орыс тілінде «Ботагоз») романында Қазақстандағы 1910-1920 жылдардағы күрделі оқиғаларды бейнелеген. 1-дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан революциясы, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, тағы басқа ірі тарихи оқиғалар роман сюжетіне арқау болған. Прозада ол роман мен мемуарлық әдебиеттің дамуына үлес қосты. 50 жылдары «Шоқан Уәлиханов» драмасын, «Тындағы толқындар» романын жазды. «Саяхаттар», «Туған жердің тыңында», «Тыңда тұнған байлық», «Алыптың адымдары», «Адам-Атаның шоқысында» кітаптарын шығарған. Сәбит Мұқанов қазақтың 19 ғасырдағы ойшыл-ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді.

Омбының, Ленинградтың (Санкт-Петербор) мұрағаттары мен кітапханаларында болып, Шоқан өміріне қатысты материалдар жинаған. Соның нәтижесінде оның қаламынан «Шоқан Уәлиханов» пьесасы мен «Жарқын жұлдыздар» атгы зерттеу еңбегі туды. Сәбит Мұқанов өмірінің соңғы жылдарында Шоқан өмірінен «Аққан жұлдыз» романын жазып, оның екі кітабын шығарған. Жазушы 4 том ретінде жоспарлаған бүл роман аяқталмай қалған. Сәбит Мұқанов драматургия саласында да көп еңбектенді. Кезінде театр сахнасынан тұрақты орын алған «Шоқан Уәлиханов», «Қашқар қызы», «Сәкен Сейфуллин» пьесалары – көрермендер тарапынан жоғары бағасын алған шығармалар. Сын, әдебиеттану саласына да жазушы көп еңбек сіңірді. Ол өз ұлтының көркем мұрасын терең игерумен бірге, поэзия теориясының қағиадалары мен ережелеріне, өлең құрылысына жіті көңіл бөлді. Сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Қазақтың батырлық және ғашықтық жырларының жанрлық ерекшеліктері мен композициялары, сюжеттік ұқсастықтарын салыстыра отырып, олардың халық шығармындағы орнын анықтады. Эпикалық жырлардың жанрлық тарихи сипаттары мен әдебиеттегі орнын белгілеуде фольклорлық мұраны жариялау, зерттеу ғылымына өзіндік үлес қосты. 18-19 және 20 ғасырлардағы әдебиет тарихы және ақын-жыраулар шығармалары туралы зерттеу еңбектер жазды. Сәбит Мұқанов есімі қазақ әдебиетінің «алыптар шоғыры» қатарында аталады.

Оның шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған. 1956-1966 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. 2-8 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болып сайланып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының 1-лауреаты атанған. 2 рет Ленин орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. 2000 жылы қаламгердің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында есімі Алматы қаласындағы көшеге, туған ауылына, ондағы мектепке, облыстық кітапханаға, облыстық драма театрына берілген. Алматы қаласында Сәбит Мұқанов атындағы көшеде ескерткіш мүсіні орнатылып, әдеби мемориалдық мұражай-үйі жұмыс істейді.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<