Чупа-чупс па, құрт па?

2192

0

Ине шықса да, түйме шықса да, әйтеуір, өзіміздің отандық өнім болғанын құп көреміз. Себебі, ішер ас-суымыз, киер киіміміз бен күнделікті пайдаланатын тұр­мыстық заттың басым бөлігі шетелден әкелінеді. Патенттеген дүниеміз аз. Бірақ, талпыныс, құлшыныс бар. Оған тележүргізуші, актер Рахман Омардың құрт шығаруды қолға алуы және оны патенттеуі дәлел. Актер оны шетелге алып шығуға немесе шетелден келген қонақтарға ұсынуға болатындай етіп, ерекше базарлық түрінде шығарған. Қазір еліміздің әр түкпірінде таяқшалы тәтті чупа-чупстың орнын басқан өнімнің саудасы қызу.

Актердің айтуынша, ашар­шылық, зұлмат жылдарында халыққа талғажау болған тағамның қадірін біз жете түсінуіміз керек. Бүгінде на­рықта құрттың түр-түрі бар. Бірақ, нағыз құртты табу қиын. Сондықтан сапалы өнім балалар іздеп жүріп жейтін  чупа-чупс піші­нінде дайындалған. Оны қазақ­тың дәмінен тату үшін шетел­дік­терге де тарту етуге болады.

– Дүкен сөрелерінде көздің жауын алатын алуан түрлі химикат қосылған өнім қаптап кетті. Жастың да, жасамыстың да назарын аудартпай қой­майтын дизайн еріксіз өзіне тартып тұрады. Олардың басым бөлігі – пайда көздеген шетелдік ком­паниялардың өнімдері. Бай­қап қарасаңыз, құрамы да түсі­ніксіз, ал ол химиялық консер­ванттардың зияны айтпаса да түсінікті. Шетелге барғанда да, елдің атынан базарлыққа не апа­рып жүрміз? Мәселен, сый­­лы­ғының тарихын сағаттап баян­дап, түрік ағайындар лукум әкеледі, арабтар құрмасын дәріптейді. Бұл мәселе мені бейжай қал­дыр­мады. Құрт – біздің асыл тасымыз. Сондықтан көп соз­бай, серіктестермен бірге «Asyl Tas Holding»-ті құр­дық. 2 жыл уақыт кетті. Нәти­жесінде құртты патенттеп алдық. Бүгінде отандық өнімді қолдаушылар көп, – дейді Рахман Омар.

Әңгіме барысында актер құрт салынатын қорап­тар­дың түр-түрі барын айтты. Мәселен, көк және қара қорапша сыртында 3 тілде өнім туралы ақпарат берілген. Қара қораптың ішінде Абайдың 7-ші қара сөзі жазылған. Дәлірек айт­сақ, ұлы ойшылдың адам­затқа қатысты айтқан қара сөзі әрі құрттың қазақ тари­хындағы маңызы келті­рілген. Әрбір сатып алушы осылайша ауылдың  дәмін татып, тарихқа, құрттың біз үшін қаншалықты маңызға ие екенін түсіне алады.

– Таяқшалы тәтті шыға­ратын Chupa Chups Group XXI ғасырдың басында-ақ сауда көлемін 400 миллион доллардан асырған. Негізін салушы испандық Енрик Бернат сол кездері барлығын қарапайым ғана ағаш таяқша мен мұз кәмпиттен бастаған. Ал, танымал суретшімен достық әрі табысты зерттеулер тәттінің әлем халықтарының ең сүйікті дәміне айналуына ықпал етті. Оның қасында біздің құрттың 40 түрлі пайдасы бар. Медицина мамандары да осыған келіседі. Өз өнімімізді қайта жаңғыртып, ұлттық брендті насихаттау өз қолымызда. Құнарлы құрт қазаққа тиесілі, сондықтан оны бірге дәріптеуге шақы­рамын, – деп түйіндеді теле­жүргізуші.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<