Дәрі қоры жеткілікті

844

0

Өткен жылдың маусым айының соңы мен шілденің басында елдегі ауруханалар мен провизорлық орталықтарда дәрі-дәрмек тапшылығы пайда болғаны белгілі. Тапшылық бөлшек сауда желісінде де көрініс тапты. Осыған байланысты бірқатар шаралар қолға алынып, іске асырылды.  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шекті және үстеме бағаларын реттеу мен қалыптастыру қағидаларын бекітті.

Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС айналым қаражатын 1 процент мөлшерлемемен бір жыл мерзімге толықтыру бойынша міндеттеме алды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бөлім басшысы Нұрбек Әділханов баяндады.

–    Қазіргі кезде 14 фар­мацевтикалық ұйым несие алды. Оның 8-і ауданда, 6-ы қалада. Екі фармацевтикалық ұйым мүлік тіркеуде, үшеуі құжат жинауда. Құжаттар толық жиналғаннан кейін оларға 111 млн теңге беріледі.  Қаңтардың 8-дегі жағдай бойынша өңірлік инвестициялық орталықтан 14 фармацевтикалық ұйымға барлығы 178,2 млн теңге берілді, – деді бөлім басшысы.

Бұдан басқа, департамент аймақтағы көтерме дистрибьюторлар мен дәріханаларда неғұрлым сұранысқа ие дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бо­луына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.

–        Мониторинг нәтижесі 15 шілде-8 қаңтар аралығында  көтерме сауда қоймалары мен дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры­ның өскенін көрсетті. Атап айтқанда, антибиотиктер 2,2, вирусқа қарсы препараттар 2,2, антикоагулянттар 2,4, ыстық түсіретін дәрілер 3,6, маска 1,5 есе артқан. Қысқасы, бүгінде дәріханаларда тұрғындардың дәрілік заттарға қажеттілігін қамтамасыз ететін дәрі-дәрмек көлемі жеткілікті, – деп атап өтті ол.

Жалпы облыста 319 дәріхана бар. Оларда 5 млн теңгені құрайтын дәрі-дәрмек қоры жасақталған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<