Дәстүрлі байқау мәресіне жетті

343

0

Облыстық «Мемлекеттік тіл және БАҚ» дәстүрлі байқауының биылғы жеңімпаздары анықталды. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов қаламгерлер қауымын кәсіби мерекемен құттықтады.

– Бұқаралық ақпарат құралдары – бұқараның бет бейнесі, ұлттық сананың «пульті». Демек қоғам жүгін арқалаған мамандық иелеріне қандай марапат көрсетсе де жарасымды. Ал соның ішінде ана тіліміздің абыройын асқақтатып, беделін көтеруге күш салып жүрген БАҚ өкілдерінің бүгінгі байқауының беделі биік екені даусыз, – деді ол.

Байқауда мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейту, мәртебесін нығайту мақсатында қазақ тілінде жарық көрген жарияланымдар, эфир­лерден көрсетілген хабарлар, сайт мақалалары қамтылған. Келіп түскен жұмыстарды Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төр­айымы Қаршыға Есімсейітова бас­қарған қазылар алқасы бағалап, қорытынды шығарды.

Байқау нәтижесімен «Үздік ма­қала» номинациясымен республи­калық «Тіл мерейі» газетінің редак­торы Миуа Байназарова, «Үздік телебағдарлама» номинациясымен «QYZYLORDA» телеарнасының жаңа­­­­лық­тар бөлімінің сарапшы-ре­дак­торы Қозы Көрпеш Жас­арал­ұлы, «Үздік сайт мақаласы» номи­на­ция­сымен «Ақмешіт жастары» газе­тінің тілшісі Гүлдана Жұмадинова марапатталды.

Сондай-ақ, «Халық» газетінің тіл­шісі Бекзат Аманов, «Қазалы» газетінің тілшілері Абзал Жолтерек пен Дина Бөкебай, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Әсел Рзаева ынталандыру сыйлығын иеленді. Жеңімпаздарға басқарма дип­ломдары мен бағалы сыйлықтар тапсырылып, үздік материалдар бай­қау­дың республикалық кезеңіне жолданды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<