Құрылтай

Азаматтық қоғамды дамытудың құқықтық іргетасы

2

0

Кеше «Достық үйінде» «Конституция – азаматтық қоғамды дамытудың құқықтық іргетасы» тақырыбында облыстық азаматтық форум өтті.

Форумда жаңа Конституция аясында азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру, мемлекет пен қоғам ара­сындағы сындарлы әріптестікті нығайту және қоғамдық диалог мәдениетін дамыту мәселелері талқыланды.

Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері, өңірдегі үкі­меттік емес ұйымдар жетекшілері, басқарма және департамент басшылары, жастар ұйымдары, азаматтық қоғам белсенділері қатысты.

– Халықты ортақ мақсатқа жұмыл­дырып, үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық маңызы бар бастамаларға кеңінен тарту – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын әрі қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтатын озық тәжірибе.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мем­лекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүм­кіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деп атап өткен болатын.

Өңіріміздегі азаматтық қоғам инс­титуттары мемлекеттік бастамаларды іске асыруға белсенді атсалысып, халықтың мүддесін қорғауға, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты үлес қосып келеді, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Аймақта мыңға жуық қоғамдық ұйым тіркелген, 2023-2026 жылдары мем­ле­кеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 555 әлеуметтік жоба жүзеге асты. Облыстық, аудандық әкімдіктер жанындағы кеңес­тер мен комиссиялар құрамында 200-ден астам үкіметтік емес ұйым өкілі бар.

Форумда «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғам­дық қорының директоры Жандос Тұсмағамбетов, «Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зейнар Тәжиева, «Ел-Арай» қоғамдық қорының төрағасы Асхат Байдәулетов және «Жас толқын» еріктілер жасағының жетекшісі Әнуар Тоқтамысов баяндама жасап, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға Конституцияның жаңа редакциядағы арнайы басылымы табысталды. Өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері облыс әкімінің Алғыс хаты­мен және арнайы қаржылай сыйақы сертификатымен марапатталды.