Дәстүрлі баспасөз һәм даму жолындағы мүдде

328

0

Алматы қаласындағы «Достық үйінде» Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» тақырыбында өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының екінші республикалық форумы өтті. Екі күнге созылған ауқымды іс-шараға еліміздің аймақтарынан ақпарат саласын дамытуға үлес қосып жүрген медиа мамандар қатысты.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп дәстүрлі баспасөздің дамуы ақпараттық технологиялардың дамуы кезеңінде өте маңызды болып отырғанын, әсіресе жергілікті жерлердегі журналистердің әмбебаптығы деген мәселе алға шыққанын атап өтті.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қазақ баспасөзінің болашағы ұлттық мүддені қорғаумен тең деген пікірімен бөлісті. «Баспасөзді қолдау арқылы ұлттық мүдде мен идеологияны ілгерілетуге жұмыс жасауымыз керек», – деді  ол.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи елімізде газет-журналды тарату мәселесіне аса мән беру керегін айтып өтті.

«Бүгінде халықтың оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесін ойластыруымыз керек. Ал ертеңгі өркениеттің көшіне ілесу үшін дәстүрлі баспасөзімізді жетілдіру маңызды»,   –  деп келтірді.

Форумда «Сыр медиа» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы М.Аралбаев серіктестік қызметіндегі іс-тәжірибемен бөлісті.

Форумның бірінші отырысында сараптамалық материал жазудың ерекшеліктері, қолданыстағы қате сөздер мен тіркестер, журналистік зерттеу тәсілдері, мерзімді басылымдардың беттелуі мен дизайны, суретке түсіру өнері талқыланды.

Форумның келесі отырыстарында спикерлер баспа басылымдарын танымал ету мен таратудың аймақтық қырларын, салалық журналистиканы дамытуды, баспа басылымдарын жетілдірудің жаңа тәсілдерін талқылады.  Ашық пікірталаста мерзімді басылымдардың тыныс-тіршілігі туралы ойлар сарапқа салынады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<