Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі: Құбылған заманда ақпарат саласы да жаңарып отыруы керек

497

0

Орталық жұмысына оң бағасын берді

Бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жұмыс сапарымен Сыр еліне келді. Дархан Қуандықұлының сапарында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова бірге болды. Министр алдымен облыстық Жастар ресурстық орталығына барып, жастармен дидарласты.

Орталық 2019 жылы Сырдарияның сол жағалауында бой көтеріп, сонан бері аймақ жастарына үздіксіз қызмет етіп келеді. Мұнда 4 үйірме, антикафе, кітапхана, гимнастика залы тәулік бойы жұмыс істейді. Қазіргі таңда жастарды қолдау және әдістемелік сүйемелдеу орталық жұмысының негізгі өзегі болып отыр.

Орталықты аралау барысында министр «Мүмкіндіктер алаңымен», 2019 жылы қоғам белсендісі Талғат Меңдібаевтың бастамасымен құрылған «Кітап құрттары» ұйымының және жастарға жан-жақты қызмет көрсететін «Coworking» орталығымен танысты. Жастарға әр бағытта қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жұмыс жасайтын орталық заманауи құрылғылармен толықтай жабдықталып, цифрлы жобалар енгізу мәселесімен айналасуда. Министрге ғылымның жаңа жетістігі «ПАЛМЕР-3» автономды генераторын құрастырған жергілікті өнертапқыш Марат Палмахов жаңа техниканы көрсетті.

Келесі кезекте Азаматтық альянстың үкіметтік емес ұйымдарды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарына куә болды. Онда «Самұрық инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Ж.Тұсмағамбетов жұмыс жоспарын таныстырып, ҮЕҰ-ның жұмысын жүйелендіру бойынша ұсыныс-пікірін жеткізді.

Онан соң министр орталықтағы компьютерлік технологиялар мен түрлі жобалар, робототехника, ақпараттық жоба жасауға арналған «IT PARK» орталығының қызметімен танысты. Орталық жанынан құрылған «Ақиқат алаңы» дебат клубының кезекті сайысына куә болды. Жастар орталығында тұрақты жүргізілетін «Ерлік сабағына» қатысты. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагері, запастағы полковник М.Ршауов, запастағы подполковник Б.Бекниязов және облыстық қорғаныс істері департаментінің өкілі, майор Е.Абдуллаевпен жолығып, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

– Сыр елі – тек жыр елі ғана емес, қаншама батырлар, қаншама мықты азаматтар туып-өскен киелі мекен. Алаш ардақтылары да осы өңірден шыққан. Солардың ерлігі жас ұрпаққа үлгі. Сіздерге көп рахмет! Істеріңізге сәттілік тілеймін! – деді министр.

Орталықта жастар шығармашылығын қолдау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Дархан Қуандықұлы орталықтың концерт залында өткен жас ақындардың «Бейнепоэзия» кешіне қатысып, аудандық жастар орталығының басшыларымен, белсенді жастармен, жас ақындармен және студенттермен танысты.

– Жастармен кездесу барысында үлкен әсер алдым. Әсіресе, аудандардан келген жастардың бастамашыл және шығармашыл ынталары өте қуантты. Жастар орталығында әртүрлі салалар қамтылып, «NEET» санатындағы жастармен жұмыс істеу жолға қойылған екен. Жастардың талантын ашу бойынша да біршама жұмыстарды байқадым. Сондықтан, әр бастамаларыңызға сәттілік тілейміз, – деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ, министр орталық жұмысына оң бағасын беріп, шығармашыл жастарға ыстық ықыласын білдіріп, естелік суретке түсті.

«Журналист сөз алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс»

Мұнан кейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттермен кездесті. Іс-шараға университеттің басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Кәрімова қатысты.

Министр оқу орнының құрылғанына 85 жыл толуымен құттықтап, ақпарат саласының маңызы, журналистерге қойылатын талаптар туралы сөз қозғады.

− Білімді әрі ізденімпаз, тақырыпты тереңірек зерттейтін журналист қай кезде де сұранысқа ие. БАҚ өкілдері – билік пен халық арасындағы дәнекер. Сөз ұстаған адам қай жерде де қадірлі болады. Бірақ сол сөзді салмақтап, жауапкершілікті сезіне білу керек. Қазіргі кезде сала мамандарының көбіне кәсібилік жетіспей жатады. Журналистің «төртінші билікке» айналуы сөз шебері болуда емес, ізденімпаздығына, сол саланы жетік білуіне байланысты. Сондықтан журналистер магистратура оқығанда, белгілі бір салада, мәселен заң, экономика сынды мамандықта білім алып машықтанса, қай жерде де орын бар, – деді Дархан Қуандықұлы.

Жиын барысында студенттер министрге сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. «Журналистика төртінші билік бола ала ма?» деген сауалға, «журналистің өзін кәсіби тұрғыдан көрсете алуына байланысты. Тексерілген ақпарат сәл кештеу шығуы мүмкін, бірақ сауатты нақты дәлелмен жазылады. Жылдам ақпарат таратамыз деп бүлдіріп алып жатады. Журналист пен блогер қатар қарайтын дүние емес. Журналистің орны қашанда жоғары. Мемлекеттік БАҚ-та істесе де, жеке басылымда істесе де журналистің өзіне байланысты. Журналистерге айтарым сенімді ақпарат таратуға, мамандық  қадірін түсірмеу, ізденіспен, еңбек ету өте маңызды. Бұл өзіне де, халыққа да жақсы. Журналистке керемет сөздің шебері болудан бұрын білікті болу пайдалы. Сөз алдындағы жауапкершілікті сезіну керек» деді министр.

Студент жастармен дидарласу сәтінде Дархан Қуандықұлы: «Көптеген жастар алдымен телеарнаға баруға асығады. Мен газетке барып, жазуға машықтануға шақырамын. Жазуға төселсе, кейін кез келген арнадан орын таба алады» деген кеңестерін айтты. Университеттің аға оқытушысы Аягөз Әбдіразақова министрдің сөзін қоштап, оқу орны «Сыр медиа» ЖШС газеттерімен байланысты бекемдеп, сол арқылы өндірістік тәжірбиеден өтіп жатқан студенттер туралы айтты.

Жүздесуде Дархан Қыдырәлі университеттегі М.Шоқайтану ғылыми-зерттеу орталығының жұмысымен танысып,  жастармен естелік суретке түсті.

«Шекараны ғана емес, ақпараттық шекті де шегендеп отыру қажет»

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Достық үйінде»  облыс тұрғындарымен кездесті.  Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ашып, жүргізіп отырды.  Облыс әкімінің орынбасары аймақтағы  азаматтық қоғамның даму барысына тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты.

–    Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын тіректі мәселелерді атап өтті. Әсіресе, тұрақтылық пен даму басты қағида ретінде айқындалғанын жақсы білесіздер. Осы ретте облыста жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Ашық азаматтық қоғамды қалыптастыру бағытында облыс көлемінде бірқатар оң өзгерістер бар. Өңірде келелі мәселелерді ашық талқылайтын, өткір ұсыныстар беретін жаңа құрылым – облыстық қоғамдық кеңес жаңа талаптарға сай, қоғам сұранысына сәйкес толықтай азаматтық қоғам өкілдерінен құрылды, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Тәуелсіздіктің  алғашқы жылдары аймақта 15 ҮЕҰ болса, бүгінгі күні олардың саны 1200-ге жуықтаған.  Кейінгі он жылда  қаржыландыру көлемі де жеті есе артқан. ҮЕҰ-ның бастамаларына қолдау көрсетіп, жағдай жасау мақсатында биыл облыс әкімінің тапсырмасымен ҮЕҰ-ның ресурстық орталығы ашылып, жұмыс істеуде.

– Ашық азаматтық қоғамның айнасы, бұл – әрине, бұқаралық ақпарат құралдары. Қазіргі таңда облыста 132 БАҚ-та 2500-ге жуық қаламгерлер қауымы жедел ақпарат таратуға жұмыс жасайды. Оның ішінде 119-ы тәуелсіз БАҚ.  Кейінгі екі жылдың өзінде өңірде жиырмадан аса ақпараттық интернет ресурсы ашылып, аймақ жаңалықтарын таратуда, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Қоғамның негізгі қозғаушы күші – жастар. Облыс халқының 22 пайызын жастар құрайды, яғни, олардың саны 177 мыңға жетеді. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары өңірдегі жастар мәселесіне де тоқталды.

– Аймақта 10 жастар ресурстық орталығы бар.  Кейінгі кезде жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға бірқатар шаралар қабылдануда. Оның ішінде  аймақ жастарын қолдаудың 2025 жылға дейінгі «Сыр жастары» стратегиялық жоспары әзірленіп, бекітілді. Бүгінде 2000-ға жуық жас жұмыспен қамтылса, 17 мың жасты түрлі мемлекеттік, өңірлік бағдарламалар мен жеңілдіктерге тарту көзделуде. Сонымен бірге аз қамтылған отбасынан шыққан мектеп бітіруші түлектер үшін жыл сайын облыс әкімінің 100 оқу гранты бөлінеді, – деп атап айтты Нұрымбет Аманұлы.

Облыста этносаралық ахуал және этностық топтар арасындағы өзара қарым-қатынас тұрақты әрі қалыпты деңгейде сақталуда. Аймақта діни ахуал да тұрақты. 

Кездесуде Дархан Қуандықұлы министрліктің негізгі бағыттары – ақпарат, азаматтық қоғам, дін, жастар және этносаралық қатынас бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

–    Үкімет мүшесі ретіндегі алғашқы іссапарымды алаштың анасы атанған Сыр елінен бастап отырғаныма қуаныштымын. Қызылорданы таңдауымның өзіндік себептері бар. Біріншіден, қазақтың бірнеше мәрте астанасы болған құтты қоныс. Арғы түпкі тарихымызды, таным-түсінігімізді қалыптастырған үлкен рухани құндылықтар, мәңгілік өмірдің жоқшысы – Қорқыттың елі, кешегі түгел түркіні түгендеген Мұстафа Шоқайдың елі. Қазақ мемлекет құрғанда астана болған, қазір көптеген басылымдарымыз, соның ішінде «Егемен Қазақстан» сияқты басылымдардың да ең алғаш осы жерден шыққаны белгілі.  Бүгін Сыр еліне арнайы амандасып, тұрғындармен пікірлесуге, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндауға келіп отырмын. Қай кезеңде де Сыр елі алаштың анасы ғана емес, ұйытқысы да бола білген. Сыр елінен үлкен бастамалар басталған. Сондықтан біздің тарихымыздың да терең тармағы осы Сыр елімен тікелей байланысты, – деді министр.

Онан соң министрліктің атқарып жатқан жұмыстары туралы мәлімдеді.

– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірнеше саланы үйлестіреді. Ақпарат бірінші аталғанымен, бірақ қоғамдық даму көптеген салаларды біріктіреді. Оның ішінде азаматтық қоғам, Мемлекет басшысы айтып жүрген құқықтық мемлекет, әділ және ашық қоғам осы азаматтық қоғаммен тығыз байланысты. Қазір бізде азаматтық қоғам дамып келеді. Ал азаматтық қоғамның тетіктері ол – үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлік қызмет, қайырымдылық, қоғамдық кеңестер жұмысы. Кейінгі кезде ҮЕҰ-лар мен қоғамдық кеңестердің жұмысы жанданып, белсенділігі артты. Жуырда ғана қоғамдық кеңестердің жиынын өткіздік. Оған 260-қа жуық кеңес мүшесі қатысты. Оның ішінде қызылордалық өкілдер де болды. Сонымен қатар ҮЕҰ-лар саны да артып келеді. Оларға бөлінетін гранттар да көбейді. Жалпы олардың жұмысын жандандыратын, ынталандыратын тетіктер де көп. Бізде азаматтық бастамаларды қолдау орталығы бар. Сол жерде де көптеген жобаларға қолдау көрсетіледі. Жаңа мен осы жердегі бастамаларды қолдау орталығының жұмысымен таныстым. Осы орталықтардың жұмысын жандандыру мақсатында жаңаша көзқарастағы бастамаларды ұсынып жатырмыз. Бұған дейінгі атқарылған шаруаларды саралап, сараптап отырмыз. Орталыққа әсіресе елді мекендердегі азаматтарды қатыстыру, оларды оқыту жұмысын да қолға алып отырмыз, – деді Дархан Қуандықұлы.

Министр сондай-ақ, волонтерлік қызметке, қайырымдылыққа да тоқталып, жастар мәселесі жөнінде жан-жақты әңгімеледі.

– Волонтерлік қызмет, қайырымдылық – біздің халқымыздың бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Мемлекет басшысының бастамасымен волонтерлар жылы жарияланды. Жалпы, Президент осыған байланысты үлкен бастама көтерді. Волонтерлікпен, қайырымдылықпен айналысқан жастардың оқуға түсуін жеңілдету, басқа да мүмкіндіктер қарастыру сияқты көптеген бастамалар бар.  Екінші басым бағыттың бірі – жастар мәселесі. Жаңа жастар орталығына барып, Сыр өңіріндегі жастар жұмысымен таныстым. Жалпы елімізде бұл мәселе ерекше қолға алынуда. Жаңа заң жобасы Мәжілістен өтіп, 1 қарашада Сенатқа берілді. Заңда NEET жастардың анықтамасы берілді. NEET жастар дегеніміз – оқыған немесе оқуын тастап жұмыссыз жүрген жастар. Олар бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. Оның бүкіләлемдік индикаторы бар. Сол индикаторға енгізу, өңірлердегі жұмыссыз жастарды есепке алу, оларды кәсіпке баулу, оқыту, жұмысқа тарту сияқты мәселелер заң жобасында көзделген. Жаңа заң бойынша жастардың жас мөлшері 29 емес, 35-пен айқындалады. Бұл жастардың жеңілдікпен пәтер алуына, жастарға арналған түрлі квоталарды пайдалануға, әртүрлі гранттарға қатысуға мүмкіндік береді. Қазір елімізде 3 млн-ға жуық жас болса, жаңа заң аясында олардың саны 6 млн-ға жетеді. Бұл деген – үлкен күш. Еліміздің болашағы, ертеңі. Сондықтан жастар мәселесі біздің ұдайы әрі ерекше назарымызда. Жастарды қолдайтын көптеген жобалар бар, – деп атап өтті министр.

Қоғамдағы маңызды саланың бірі – дін.  Дін – өте нәзік дүние. Министр бұл бағытта  атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

– «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөз бар. Жалпы дін киелі, қасиетті ұғым болғандықтан, бұл салаға өте ерекше қараймыз. Дін мемлекеттен бөлек, сондықтан тікелей араласпаймыз, бірақ жәрдем беруге тырысамыз. Жақында ғана әлемдік діндер лидерлерінің съезі жоғары деңгейде өтті. Оған әлемдегі беделді дін өкілдері қатысты. Төңірегіміз тынышсыз, дүние дүрбелеңге толы кезеңде әртүрлі дін, наным-сенім өкілдерінің Қазақстанға келіп, біздің еліміздің ғана емес, жалпы адамзаттың игілігі, бейбітшілігі, тұрақтылығы үшін дұға жасауы, осы жолда мәміле, тұрақтылық пен тыныштық іздеуі еліміздің руханияттағы өзіндік орнын көрсетсе керек. Дін саласы – еліміздегі тыныштық пен татулықтың, руханияттың қайнар көзі. Соның ішінде Сыр өңірі – ежелден үлкен ғұламалар шыққан, діни мектебіміз қалыптасқан ортаның бірі. Сырда ірі ақындар, ишандар өткен. Мұнда үлкен атақты медреселер болған, мешіттер орын тепкен. Сондықтан қазір де осы өңірден дін саласының білікті мамандары, үлкен ғұламалар жетіліп шығады деп ойлаймыз. Қазір радикалды топтармен жұмыс мәселесі қызу қолға алынды. Мәселен, «Жусан» операцияларымен елге оралған әйелдермен, отбасылармен жүйелі жұмыстар жүргізілді. Шамдағы шырғалаңға, Сириядағы сергелдеңге адасып барғандар бар, басқа да жат ағымдардың жетегінде кеткендер қаншама?! Олармен ағартушылық жұмыс, дәстүрлі көзқарасты қалыптастыру, жалпы діни ұстанымға деген көзқарасты қалыптастыру бағытында діндарларымыз,  мүфтият, елдегі басқа да түрлі діни бірлестіктер жүйелі жұмыстар жүргізуде, – деді Дархан Қыдырәлі.

Кездесуде қоғамдық дамудың үлкен бір саласы – этносаралық қатынас туралы да айтылды. Бұл бағытта елімізде ассамблея  жұмыс істеуде. Министрдің айтуынша, ассамблея елдегі татулық пен дамуға өзіндік үлес қосуда.

–    Ассамблеяны кейде сынап жатамыз. Десек те, оны ел байлығы деп есептейміз. Өйткені елдің дамуына өзге этнос өкілдері де үлес қосып келеді. Сыр елінің өзінде көптеген чемпиондар шығып жатыр. Әрине, бұл жерде жергілікті халқымыздың үлкен жүректілігін көрсетеді. Татулықтың, бейбітшіліктің қадірін білуіміз керек. Әрине, әртүрлі арандатушылықтың, ақпарат саласында түрлі жалған хабарлардың таратылып жатқанын да білеміз. Бірақ халқымыз өзінің ұстанымдылық танытып, сабырлылық сақтауының арқасында түрлі сыннан абыроймен өтіп келеді,– деп атап өтті министр.

Маңызды әрі үлкен саланың бірі – ақпарат саласы. Дархан Қуандықұлы бұл салаға да айрықша тоқталып, ондағы жаңалықтарды жан-жақты саралап берді.

– «Ертөстігім – бір төбе» демекші, ақпарат саласы азаматтық қоғамның қалыптасуына, елдегі ахуалға ақпараттың тікелей қатысы бар. Бұл салада да Сыр өңірінің алар орны ерекше. Еліміздегі көптеген басылымдар бастауын осы жерден алады. Үлкен қаламгерлеріміз осында қызмет етті. Сол кісілердің жолын қазір көптеген аға-апаларымыз жалғап келеді. Жалпы газет, журнал секілді дәстүрлі медиамен бірге жастардың жаңа медиаға деген құлшынысын көрдік.  Ақпарат саласы да – өте нәзік, жылдам өзгеріске ұшырап жатқан саланың бірі. Құбылған заманда құбыласыз қалмас үшін ақпарат саласы да үнемі жаңарып отыруы керек. Желдей ескен желіде желөкпенің сөзіне еріп ақпаратты тексермей, ақ-қарасын ажыратпай бөлісіп жатамыз. Осыған байланысты жаңа заң жобасын қолға алып отырмыз. Бұл жерде журналист мәртебесін көтеруді, басылымдарды құн салығынан босату секілді артықшылықтар көзделуде. Жалпы бірқатар реформалар жүргізіледі деп отырмыз. Сондай-ақ, интернет саласына байланысты мәселе көтерілуде. Бізде блогерге журналист мәртебесін беру туралы ұстаным болған екен. Мен бұған қарсымын. Өйткені журналист – оқыған, диплом алған, арнайы дайындығы бар маман. Керісінше, блогер ынталанып, өзі журналистің деңгейіне көтерілуі қажет. Сондықтан интернетке бөлек заң қарастыруды ойлап отырмыз. Сонымен қатар жарнама мәселесі және ақпаратқа  қолжетімділікті жеңілдету туралы арнайы ұстаным бар. Журналист оңай ақпарат ала алуы керек. Бұл орайда журналистке де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Себебі сол арқылы таным-түсінік, елдің көзқарасы қалыптасады. Мәселен, кейде ақпарат тарату барысында адамның құқығы тапталып, фейк ақпарат тарап, ақпараттық шабуылдар ұйымдастырылып жатады. Бұлардың барлығын ескеруіміз керек. Қазір тек шекараны шегендеу ғана емес, ақпараттық шекті де нығайту – ұлттық қауіпсіздіктің үлкен бір арнасы. Оған әрқайсымыз жауаптымыз. Смартфон ұстаған кез келген азамат қазір тек тұтынушы ғана емес, ол әрі ақпаратты таратушыға, ақпаратты жасаушыға айналды. Сондықтан сөзге үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Осы бағытта медиасауаттылықты арттырудың маңызы зор, – деді министр.

Одан бөлек, ақпарат құралдарындағы балалар контенті, телевидениедегі отандық өнімдер, мерзімді басылымдардағы проблемалар турасында да әңгімеледі. Әсіресе газет таратудағы қиындықтарға тоқталды. Осы орайда министр басылымдарды тасымалдауда Сыр өңірінің үлгісін атап айтты.

–    Жеті жылға таяу «Егемен Қазақстан» газетін басқардым. Сондықтан мерзімді басылымдар мәселесі маған жақсы таныс. Соның ішінде тасымал мәселесі өзекті. Айта кету керек, Қазақстанда «Қазпоштаға» бағынбай, өзінің тарату жүйесін қалыптастырған жалғыз облыс ретінде осы Сыр өңірін айтуға болады. Біз мұны үлгі ретінде айтып жүрміз. Жалпы жекеменшік пен мемлекеттік әріптестіктің жақсы үлгісі деп айтуға болады. Сонымен бірге жастарды тәрбиелеу мәселесінде де аймақта озық үлгі қалыптасқанын ерекше атап өту керек, – деді Дархан Қуандықұлы.

Теледидардағы сериалдар мәселесін де министр ұмыт қалдырған жоқ.

– Теледидардағы сериалдар бойынша да сұрақ қоятындарыңызды білемін. Кейінгі кезде отандық сериалдар дамып келеді. Сондықтан таяуда көркемдік кеңес құруды көздеп отырмыз. Онда сериалдардың бағыты, мақсаты, тақырыбы, оларға қойылатын талаптар талқыланатын болады. Қазіргі кезде «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Хабар» басқа да арналарға телесериалдар үшін мемлекеттік тапсырыс беріп, қолдау көрсетіп отырмыз. Айта кету керек, тұлғаларға байланысты сериалдарды көптеп түсіру құптарлық нәрсе емес. Олардың бәрін түгендей берсек, қазіргі көзі тірі кісілерге де келіп қаламыз. Сондықтан ірі тарихи, елімізге әсер еткен басқа да айтулы оқиғаларды қамтысақ дейміз. Мағжанға, Міржақыпқа байланысты сериалдар түсірілді. Көбірек түсірілген сайын олардың сапасы да артып келеді. Себебі сериал дегеніміз – үлкен индустрия. Неғұрлым көп түсірілсе, соғұрлым аудитория тартады. Қазақстанның шекарасынан шығып, қазір көршілес мемлекеттер де қарайды біздің сериалдарды. Қазір «Қазақстан» телеарнасы «Қорқыт ата» сериалын түсіріп жатыр. Жуырда өзім барып, арнайы таныстым. Қорқыт бабамызды өздеріңіз білесіздер Кавказ да, Түркімен де меншіктейді. Фильмнің бір ерекшелігі – әлемдік үлкен кейіпкер, бірақ соның Сырмен тікелей байланысын,  Сырдың бойында тұрақты қоныс тапқанын, бір жағынан қазақтың бүкіл түркі әлеміне қарашаңырақ екенін сериал арқылы көрсеткіміз келіп отыр. Бұл – халықаралық жоба. Өзбекстанмен бірігіп түсірілуде. Мультфильмдер мәселесіне де назар аударудамыз. «Балапан» телеарнасында да сапалы контент жасалуда. Бұл арнаны тек Қазақстан емес, көршілес елдер де көреді. Алдында бір ақпарат шықты, Қырғызстанда бір депутат «балаларымыздың тілі «Балапан» телеарнасы арқылы қазақша шығып жатыр» деп шағым жасағанын білесіздер. Әзербайжан мемлекеті де осы телеарнаға деген сұранысын айтып отыр. Сондықтан смартфон тәрибелеп жатқан балаларымызға ұлттық тәрбиені отандық өнім арқылы бере білуіміз керек, – деді министр.

Министр хабарламасынан соң кездесуге қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сұрақтардың көбі өңірлік медианың бүгінгі жағдайы, ақпаратқа қол жеткізу, дәстүрлі медиа мен әлеуметтік желі, телеарна контенті, жастар мәселесі төңірегінде болды. Мәселен, алғаш болып  облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы кейінгі жылдары газетке жазылу мен таратудың мәселесі күрделеніп бара жатқанын, бұл мәселені шешудің жолдары қандай деген сауалын қойды.  Оған министр былайша жауап берді.

–    Жиі қойылатын сұрақ. «Егемен Қазақстан» газетіне басшы болып келгенімде осы сұрақты өзіме қойдым. 2016 жылы интернетте  «Енді Дархан Қыдырәлі «Егеменге» ешкімді күштеп жаздырмайды» деген ақпарат шықты. Бұл әдейі таратылған ақпарат еді, кім таратқанын да білмедім. Бірақ ол маған үлкен сабақ болды. Әлемдік тәжірибені қарай бастадым. Ашығын айту керек, біздегі жүйе – әлі кеңестік жүйенің жалғасы. Газеттің 100 жылдық тарихы тағы да оның сонша уақыт шығатынына кепілдік бермейді. Сондықтан заман талабы, оқырман талғамы басты назарда болуы керек. Ол үшін аудиторияны дұрыс айқындау қажет. Осы бағытта редактор болғанымда өз тәжірибемде бірқатар жұмыстар атқардық. Жалпы алғанда газетті мемлекет қолдайды, мемлекеттік тапсырыс болады. Бірақ басылымдар да уақыт талабына сай жандану керек. Оның біріншісі, жаңа айтып өткенімдей, аудиторияны айқындап, сонымен жұмыс істеу керек, екіншісі, жарнама тарту. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газетінің алты жыл бұрынғы жарнамасы 130 млн теңге болса, былтыр 560 млн-ға жетті. Сол сияқты өңірлік немесе балалар басылымдары да жарнама тартып, табыс табуына болады. Бірақ ол басшылардың қалтасына кетпеуі керек, ол редакция ұжымына берілуі тиіс. Мұнымен арнайы маркетолог мамандары айналысуы керек.  Қазір біз кітапханалар газет алса деп мәдениет және оқу-ағарту министрлігімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бірақ олар қай газетті алады, оны өздері шешеді. Сонымен қатар үлкен проблеманың бірі – «Қазпоштам, яғни, газет тарату. Аптасына бір рет қолға тиетін газетке жазыл деу обал.  Қазақстанның территориясы үлкен, сондықтан  күн сайын жеткізу қиын. Осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Шын мәнінде, газет қазір кітаптың да, танымдық дүниелердің де міндетін атқарып отыр. Осы орайда басылымға жазылуға тартудың түрлі жолдарын қарастыруымыз керек. Имамдар да газет оқуы керек.  Жалпы газеттің сапасын арттыра отырып, оқырман тартуға тиіспіз. Басылымдарда сын айтылмайды емес, айтылады, соны көрсете білуіміз керек. Әлеуметтік желі деген – витрина. Сондықтан басылымның әр санын осында насихаттап отыру қажет. Жаңа айтып кеттім, Сыр бойында газетті таратуға, баспаға қатысты өте жақсы бастама бар, – деді Дархан Қуандықұлы.

Ал «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсатов «Қалаулым» сияқты аты өзгеріп шыға беретін бағдарламаларды жабуға болмай ма деп сұрады.  Оған министр жауабы былай болды:

– «Қалаулым» бағдарламасына байланысты айтсақ, теледидарда рейтинг деген бар, сол өсіп кеткен. Әсіресе, өңірлерде апа-аталарымыз көреді. Егер көрермен ол бағдарламаны тамашаламаса, оның рейтингі төмендер еді. Қазір біз ондай бағдарламаларға жәрдем беріп жатқан жоқпыз. Оның орнына сараптамалық, ұлттық мәдиениеттің бояуы бар дүниелерге көбірек мән беріп отырмыз. Рейтингті айқындау бойынша да өзіндік көзқарасымыз бар. Бұлардың барлығын заңмен реттеу керек және тұтынушы өзі айқындау керек. Азаматтық қоғам дегеніміз – осы. Азаматтық пікір, азаматтық талғамды анықтайтын сіз бен біз.

– Әлеуметтік желі қолданушысының постына сол мезетте жауап беретін құзырлы органдар кәсіби журналистердің сауалына жауап беруді кешіктіреді. Жаңа заңда ақпарат алуды жеделдетуге байланысты қандай жаңалықтар бар? – деген сауалын жолдады өз кезегінде  «Qyzylorda» телеарнасының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева.  

– Журналистер туралы жақсы айттыңыз. Себебі, журналист – әлемде тек қауіпті мамандықтар қатарында емес, сонымен бірге абыройлы мамандық иесі. Пандемия кезінде де ақ халатты дәрігерлермен бірдей журналистер де алдыңғы қатарда жүрді. Кешегі алаш арыстарының бәрі де әртүрлі мамандық иесі болса да, журналистік қызмет атқарған. Әлихан Бөкейхан да, Ахмет Байтұрсынов та қазақ газетін шығарды, туғанына 150 жыл толатын Мұхамеджан Сериалин де «Айқап» журналын шығарған. Өйткені олар ағартушылық қызмет, азаматтық парыз, үлкен жауапкершілік деп түсінген. Қазір де жоғары бағалаймыз. Журналистің мәртебесі бұдан кейін де жоғары болып қала береді. Десе де, еститін үкімет, азаматтық қоғамда желі қолданушысы деп емес, оған азаматтың арыз-шағымы деп қарайды және оған жауап беру мерзімі бар. Сондықтан жедел жауап беру мәселесі маңызды тұрады. Рас, кейбір тұста әсіре бағалап жіберген жағдайлар болуы мүмкін. Бірақ бәрібір журналистің сөзі салмақты. Қазір біз заң жобасында бұл мәселені жеңілдетуді көздеп отырмыз, яғни, журналиске ақпарат алуды жеңілдету жағы қарастырылған,  – деді министр.

Кездесуде сондай-ақ,  «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева мемлекеттік тапсырыстың көлемі  республикалық және өңірлік басылымдарды салыстырғанда жер мен көктей екені, сондай-ақ,  «Қоғам ТВ» телеарнасының құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов  электронды ақпарат құралдарындағы ең үлкен проблемалардың бірі – жерсеріктік төлемақының аса қымбаттығы туралы сауал қойды.

Кездесуден соң министр азаматтармен жеке қабылдау өткізді.

Аймақ тілшілерімен пікір алмасты

Түстен кейін министр жұмыс сапары аясында «Qyzylorda» телеарнасына барып, Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан қарашаңырақтың жұмысымен танысты.

Алдымен Дархан Қуандықұлы телеарнаның студияларын аралап, техникалық базасын көрді. Жедел әрі шынайы ақпарат таратуда телеарнаның атқаратын қызметі маңызды екенін айтып, аймақ тілшілерімен пікір алмасты.

– Менің осы қызметтегі алғашқы іссапарым Алаштың анасы атанған Сыр елінде бастау алды. Өздеріңізге мәлім, мұнда тарихи-ұлттық басылымдар тамыр алған, ұлт зиялылары қалам тербеген. Сондықтан Сыр өңірі қазақ журналистикасында ойып тұрып орын алмауы мүмкін емес. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірнеше бағытты қамтиды. Соның ішінде ақпарат саласының орны ерекше. Олай дейтін себебіміз, сәт сайын ақпараттар ағыны өзгеріп отырғанда, журналистердің жедел, нақты, шынайы жаңалықты ұсынуы ерлікпен тең. Жалпы министрлік БАҚ туралы жаңа заң жобасында журналистердің мәртебесін көтеру және олардың статусын айқындау үшін арнайы ереже қарастыруда. Сондай-ақ интернет және онлайн платформаларды реттеу, нақты ақпарат алуды жеңілдету, сонымен қатар, келесі жылы тілшілердің табысын арттыру сынды мәселелер шешімін табатын болады, – деді министр.

Одан кейін телеарна студиясында журналистермен жүздесіп, ақпарат саласындағы бірқатар өзгерістер мен түйткілді мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, өзекті деген сұрақтарға жауап берді.

Туы биік, қадірі үстем

Министр Сыр еліне сапарын Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің редакциясында қорытындылады. Онда Дархан Қыдырәлі журналистердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Кездесуде министр Қызылорда өңірінде руханияттың туы әлі де биік, қадірі үстем екенін айтты. Сондай-ақ, Сыр журналистикасының орны ерек екенін, тарихы тереңде жатқанын жеткізді. Күре жол бойында қоныс тепкен аймақтың қалаларында, елді мекендерінде газет тасымалы мәселесі оңтайлы шешілгенін атап өтті. Осы бағытта басылымдарды өзі шығарып, өзі тарататын «Сыр медиа» серіктестігінің жұмысын үлгі етті.

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев дәстүрлі медиа мен жаңа медианы үйлестіре отырып, серіктестік қызметін дамытуға күш салынып жатқанына тоқталды. Ал, Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова 90 жылдық тарихы бар газеттің жай-күйін баяндап, редакция журналистерінің жұмысын сараптап өтті.

Кездесу барысында министрге аудандық газеттің тілшілері көкейіндегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Олар жобасы әзірленіп жатқан масс-медиа туралы заңда журналистер мәртебесі айқындалса деген тілегін жеткізді.

Басқосу соңында бас редактор Баян Үсейінова министр Дархан Қуандықұлына «Жаңақорған тынысы» газетінде шыққан үлгілі материалдардан топтастырылған «Дәуір айнасы» жинағын тарту етті.

Аружан Ералы,

Гүлбану Мақажан,

Айнұр Батталова,

Шынар Бекбан,

«Сыр бойы» газетінің тілшілері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<