Дау мұраты – бітім

451

0

Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде қалыптасудың жасампаз жолынан өтіп, «Сабыр түбі – сары алтын» дегендей, бүкіл әлемнің сенімді әрі тұрақты әріптесіне айналды. Біздің еліміздің халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосқан салмақты үлесін, бейбітшілік пен келісімнің тиімді үлгісін жасағанын бәрі біледі және сол үшін құрметтейді.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып заманауи институттары мен табысты нарықтық экономикасы, орнықты саяси жүйесі бар, халықтың әл-ауқаты өспелі деңгейдегі және теңгерімді сыртқы саясаты бар мемлекет ретінде танылды.

«Ел даусыз болмас» дейді халық мақалы. Яғни, даулар – алдыңғы қатарлы дамыған немесе дамуы орта деңгейдегі кез-келген мемлекетке тән құбылыс. Дау-жанжалдарды шешу мен реттеудің тиімді әдістерін қолдану әлемде өзекті әрі маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

Елімізде де дауды шешудің жаңа балама әдістерін қолдану тақырыбы қозғалып, «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 24.08.2009 жылғы №858 Жарлығында азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру жөніндегі шаралар ретінде жеке-құқықтық жанжалдар тараптары арасындағы бітім­ге сот тәртібімен, қол жеткізудің, сон­дай-ақ соттан тыс тәртіптегі түрлі жолдары мен тәсілдерін, оның ішінде істі сот талқылауына дайындаған кезде келі­сушілік рәсімдері шараларын пайдалану мүмкіндігін талқылаудың міндеттілігін бекітуге, сондай-ақ азаматтық құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарын дамыту (медиация, делдалдық және басқалары) белгіленді.

Сонымен қатар, «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының 28.01.2011 жылғы №401-IV Заңы қабылданып, Қа­зақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қаты­настарды реттеу, оны жүргізу қағи­даттары мен рәсімі, сондай-ақ медиатордың мәр­тебесі айқындалды.

Азаматтық процестік кодекстің бір тарауы түгелдей татуластыру институтына арналды. Дауды соттан тыс реттеудің тиімді тәсілдері заңнамалармен бекітілді. Осылайша елімізге медиацияны дендеп енгізу шаралары жан-жақты қарастырылды. Осыған орай, Жоғарғы Сот тарапынан бұл тұрғыда тың бастамалар көтеріліп, түрлі пилоттық жобалар жүргізілуде. Оның бірі – «Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасы.

Аталған жобаны ҚР Жоғарғы Соты төрағасының 28.04.2018 жылғы №6001-18-7-4/89 өкіміне сәйкес республикамыздың аудандық және оған теңестірілген соттарда талап қою өндірісімен азаматтық істерді қарау барысында іске асыру басталған.

Қызылорда облысының маманданды­рылған ауданаралық экономикалық соты (әрі қарай – Қызылорда облысының МАЭС) төрағасының 28.11.2018 жылғы №35 өкіміне сәйкес сотта бітістіруші судья бекітілген.

Пилоттық жобаның іс-жүзінде жүргізі­луіне тоқталатын болсақ, сотқа түскен жоба аясындағы талап арыздарды (тараптың бірі мемлекеттік мекеме емес) соттың кеңсесі «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы бітістіруші судьяға тапсырады.

Бітістіруші судьяға жоба бойынша жұмыс жүргізуге 5 жұмыс күні берілген. Өз кезегінде бітістіруші судья талап арыз құжаттарымен танысып, талап арыз сот ісін жүргізу үшін қабылдауға негіз болған жағдайда тараптарды «Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасына қатысу үшін уақытын белгілеп, құжаттарды хатшыға тапсырады.

Хатшы тараптардың телефондарына хабарласып, оларды пилоттық жобаға қа­тысуға шақырады. Шақырумен келген тараптарға бітістіруші судья арнайы жасақ­талған «Медиация кабинетінде» мантиясыз, еркін іскерлік кездесу ұйымдастырып, дауды бітіммен аяқтаудың жоғарыда аталған тиімділіктеріне жан-жақты тоқта­лып, туындаған дауды татуласу келісіммен, екі жақтың адвокаттары болған жағдайда партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен, кәсіби немесе судья медиатордың қатысуымен медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келуге шақырады.

Пилоттық жобаға қатысу үшін екі тарапты да шақыруға мүмкіндік болмаған жағдайларда бітістіруші судья нақты се­бебін көрсете отырып талап арыздарды соттың кеңсесіне қайтарады. Кеңсе «Тө­релік» ақпараттық жүйесі арқылы аза­мат­тық істерді өзге судьяларға қайта бөледі.

Бұл орайда, жобамен шектелмей  Қы­зыл­орда облысының МАЭС-мен тарап­тарға азаматтық істің қозғалғандығы жөнінде арнайы рәсімделген, яғни бітіммен аяқтаудың тиімділігі көрсетілген хабарламалар жолданады.

Осы жылдың І тоқсанында Қызылорда облыстық МАЭС-қа жалпы 723 (2018 жылдың І тоқсанында – 822) талап арыз түсіп, олар бойынша 692 азаматтық іс қозғалған. Қозғалған азаматтық істердің 46-ы немесе 6,7%-і тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізу тоқтатылған. Яғни, тараптардың татуласуымен аяқталған азаматтық істердің саны өткен жылмен салыстырғанда 65%-ке артқан.

Тараптардың дауды татуласу келісімін немесе медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін соттың бекітуіне байланысты талап қоюшылар төлеген жалпы 33 157 315 теңге мемлекеттік баж бюджеттен кері қайтарылған.

Мысалға, «И» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (әрі қарай – ЖШС) сотқа талап арыз беріп, онда жауапкер «С» ЖШС-нан негізгі қарыз 926 917 380 теңге және өсімпұл 9 269 174 теңге өндіруді сұраған.

Сотпен тараптарға дауды бітіммен шешу жөніндегі құқықтары түсіндіріліп, нәтижесінде жауапкер талапты толығымен мойындап, аталған соманы екі бөліп төлеуге татуласу келісімі жасалып, заңға қайшы болмағандықтан, сотпен татуласу келісімі бекітілген және де талап қоюшы төлеген 28 085 597 теңге мемлекеттік баж бюджеттен кері қайтарылған.

Тараптар сот отырысында қол алысып, сотқа алғыстарын айтып кетті.

Тағы бір мысал, жоғарыда аталған «И» ЖШС сотқа өзге талап арыз беріп, онда жауапкер «Г» ЖШС-нен негізгі қарыз 337 853 376 теңге және өсімпұл 67 570 675 теңге өндіруді сұраған.

Бұл жағдайда да сот тараптарға дауды бітіммен шешу жөніндегі құқықтарын түсіндіргенімен, жауапкер түрлі себептерді келтіріп бітімге келуге қарсы болды, нәтижесінде талапты толық қанағаттандыру және қосымша 12 162 722 теңге мемлекеттік бажды өндіру жөнінде соттың шешімі қабылданды. Қазіргі таңда апелляциялық сатыда бірінші саты сотының шешімінің заңдылығы тексерілуде, яғни тараптар бір даудың соңында 4 айдан астам уақыт соттардың табалдырықтарын тоздырып жүр және бұл дау қосымша бірнеше айға жалғасуы мүмкін…

Қуатты елдің бірден бір тірегі – дамыған бизнес, бизнес – алпауыт елдердің эко­номикасының қарқынды дамуына үлкен күш береді. «Дау мұраты – бітім» дегендей сотқа қатысушыларды туындаған дауды ушықтырмай барынша бітіммен аяқтауға шақырамын.

Нұрлан ЕЛАМАНОВ,

облыстық мамандандырылған

ауданаралық экономикалық 

сотының бітістіруші судьясы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<