Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай арнайы жиын өтті

243

0

Фото: Қоғамдық даму басқармасы

Бүгін «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасымен және облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне» орай аймақтағы азаматтық сектордың жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен жүйелі жобаларын таныстыру мақсатында арнайы мерекелік кездесу ұйымдастырылды.

Мерекелік кездесуге «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы А.Ізден, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А. Есмаханов, және салалық басқарма басшыларының орынбасарлары, қоғам белсенділері, азаматтық сектор жетекшілері мен сарапшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Қазіргі таңда республикада 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар болса, Қызылорда облысында тіркелгені – 1217. Өңірде үкіметтік емес ұйымдар альянсына 73 ұйым мүше. 2023 жылы бірлестік мүшелері маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған 18 жоба мен бастаманы жүзеге асырды.Салтанатты шарада Арал ауданында 37 жыл бойы азаматтық секторда нәтижелі жұмыстар атқарып, шетелдік қорларға 30-ға жуық жобаларды жүзеге асырған, шетелдік жобалардың қаражаты арқылы ауылдық елді мекендердегі 15 амбулаториялық клиникалар мен 4 балабақшаға қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз еткен, аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуде белсенділік танытып жүргер «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің директоры Айнакүл Баймаханова облыстың «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Сондай-ақ, аймақта азаматтық ұстанымдарымен әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп жүрген бірқатар үкіметтік емес ұйым жетекшілері облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Бұған қоса, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А. Есмаханов азаматтық сектордың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірнеше үкіметтік емес ұйым қызметкерлеріне «Алғыс хат» табыстады.

Мерекелік шара шағын футболдан мемлекеттік қызметкерлер мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінен жасақталған командалар арасындағы жолдастық матчпен қорытындыланды. Жеңімпаз командаларға арнайы диплом табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<