Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік

604

0

Биыл қастерлі тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Бұл –қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес.

Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдік алпауыттармен терезесін теңестіріп, жаһан жұртына қарышты қадамдарымен танылып үлгерді.

Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді.

Қазақстан дамудың жаңа жолына түсіп, халықтың бостандығының сан ғасырлық армандарын жүзеге асырды. Қазірде халқымыз өз мәдениетін, тілін, діні мен дәстүрін әрі қарай дамытуға мүмкіндік алды. Еліміздің әрбір азаматы ел тәуелсіздігін мақтан етеді. Еліміздің тәуелсіздігі – үш жүз жылға үзілген ұлттық бостандықты қалпына келтірген қазақ халқының ең қасиетті иелігі екені белгілі. Біздің парызымыз – республикамыздың Туын, Елтаңбасын және Әнұранын бағалау және құрметтеу. Мемлекеттік рәміздеріміз арқылы біз біртұтас ажырамас отбасы мүшесі екенімізді сезінеміз. Бүкіл әлем бізді рәміздер нышандары арқылы таниды.

Қазақстанның ең басты байлығы – ұзақ жылдар бойы жер бетінде салтанат құрып отырған Бейбітшілік екені мәлім. Елімізде мекендеген көптеген ұлттар мен халықтардың өз тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Сондықтан да барлық ұлттар мен халықтың өкілдерін достық пен түсіністік біріктіреді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан халқы Ассамблеясын» құру идеясы өте уақтылы әрі дана болған деп санаймын. Мұндай институттардың күш-жігерінің арқасында Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері өздерін жайлы және қауіпсіз сезінеді. Ұлтаралық келісімнің бұл бірегей моделі еліміздің экономикалық табыстарының қозғаушы күшіне, әлеуметтік, саяси және мәдени міндеттерді шешудің іргетасына айналды.

Тәуелсіз ел болу – асқан байлық. Айбыны асқақ атамекенің, ұлан-байтақ жерің, мемлекеттік тілің болғаннан асқан бақыт жоқ шығар. Әлемде қаншама ұлттар бар! Кейбірінің, тіпті, ортақ Отаны жоқ. Олардың қасында біз әлдеқайда алға озған мемлекеттердің қатарындамыз деп білемін. Өйткені, азат ел болып, өркениеті қалыптасқан елдермен иық тірестіре қатар дамып келеміз. Мен өз елімді мақтан етемін!

Тәуелсіздіктің қадірін бағалауда батыр бабалардың жасаған ерліктерінің құны мен маңыздылығын терең ұғыну, көнекөз тарих пен батыр бабалар рухы алдындағы борышымыз.

Ұ.Оразгелді,

облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<