Кеше аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан активіне жаңадан сайланған Аққыр ауылдық округінің әкімін таныстырды.
Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Заңына және аудандық сайлау комиссиясының сайланған әкімдерді тіркеу туралы шешіміне сәйкес Алыбаев Жасұлан Тәңірбергенұлы Аққыр ауылдық округі әкімі лауазымына сайланды.
«Жасұлан Тәңірбергенұлы, ауылдық округ әкіміне қойылатын талаптар өте жоғары. Елді мекенде қоғамдық-саяси ахуалды қамтамасыз етіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында аянбай еңбек ету қажет. Сізге ауылға инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, кәсіпкерлікті дамыта отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында нәтижелі жұмыс жасауды тапсырамын. Өзіңізге жүктелген міндеттерді кәсіби деңгейде жоғары жауапкершілікпен атқарады деп сенім білдіреміз. Жаңа қызметіңізде сәттілік тілеймін!», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Жасұлан Алыбаев 1991 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетін құқықтану мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын «Ақ Кәусар» бөбекжай-балабақшасының шаруашылық меңгерушісі болып бастаған. 2018 жылдан бастап «Бала сыры» балабақшасының директоры қызметін атқарып келді.
Жиында аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов жаңадан сайланған ауыл әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес аудандық сайлау комиссиясының қаулысы негізінде 2026 жылғы 12 шілдеге Аққыр мен М.Шәменов ауылдық округі әкімдерінің сайлауы тағайындалып, өткізілді. Мәжілісте аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Шарабан Қалыбаев сайлау қорытындысымен таныстырып, сайланған әкімге куәлік табыстады.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






