Еңбек шарттарын есепке алу

941

0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылы қараша айында электронды еңбек шарттарының тіркелуі мен бірыңғай сақталуын қамтамасыз ететін «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» атты автоматтандырылған ақпараттық жүйені қолданысқа енгізген.

Аталған жүйе жұмыс берушілерге еңбек шарттарын тіркеуге, еңбек шартына қосымша жасауға және оның бұзылуын тіркеуге мүмкіндік береді.

Электронды еңбек шарттарын тіркеу үшін жұмыс беруші ең алдымен электронды еңбек биржасына www.enbek.kz  тіркелуі қажет және мекеме жөніндегі  мәліметтер электронды-цифрлық қолтаңбамен расталуы керек. «Электрондық еңбек биржасы порталында еңбек шарттарды тіркеу бойынша жұмыс берушілерге арналған нұсқаулық» «еnbek.kz» порталындағы «Көмек» бөлімінде орналастырылған.

Бұрын жұмыс берушілерге жұмыс­керлермен жасалатын еңбек шарттарының мәліметтерін жүйеге енгізу міндеттелмеген болатын. ҚР Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жұмыс берушілердің негізгі міндеттері көзделген 23-бабы 2-тармағы жаңа 27-тармақшамен толықтырылған. Соған сәйкес жұмыс беруші еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіп бойынша жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, осы Кодекстің 28-бабы 1 тармағының 1),2),3),4),5) және 13) тармақшаларында көзделген мәліметтер қамтылған, оған енгізілетін өзгерістер және толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге міндетті. Бұдан былай жұмыс беруші еңбек шартын жасасу, тоқтату және тараптардың реквизиттері, белгілі мамандық, кәсіп, біліктілік немесе қызмет бойынша жұмысы, жұмыс істеу ор­ны, еңбек шартының мерзімі, жұмыстың басталу уақыты, шарт жасасу мерзімі мен реттік нөмірі туралы мәліметтерді жүйеге енгізуі тиіс.

Сонымен қатар, Кодекстің 33-бабы 1-тармағы электронды еңбек шартын жасау жөніндегі екінші бөлікпен толықтырылған. Бұл бөлікте «Еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында жүргізілуі мүмкін» деп көрсетілген.

Кодекстің 23-бабының 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының, өзі шығарған актілердің талаптарын сақтауға міндетті. Кодекстің 14-бабына сәйкес, еңбек заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

Сондықтан, облыс аумағында орналасқан барлық субъектілердің жұмыс берушілеріне (мемлекеттік және кәсіпкерлік субъектілердің жұмыс берушілері) жоғарыда аталған Кодекстің талабына сәйкес, қарамағында жұмыс істейтін жұмыскерлерінің еңбек шарттарын  жүйеге тіркеу қажеттігін назарларына жеткізе отырып, еңбек заңнамасының талабын сақтауға шақырамыз.

Облыстық еңбек саласындағы

бақылау басқармасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<