Ердоған тағы да Президент болып сайланды

523

0

Түркияның Жоғары сайлау кеңесі президент сайлауының екінші турының қорытындысын жариялады. Бұл туралы «Анадолы» агенттігі хабарлады.

Учаскелерде 99 пайыздан аса сайлау жәшігі саналды. Дауыс берудің нәтижесінде президент Режеп Тайып Ердоған сайлаушылардың 52,16 пайыз дауысын жинап, қайтадан мемлекет басшысы болып сайланды. Енді ол Түркияны 2028 жылға дейін басқарады. Ал Ердоғанның басты қарсыласы болған Кемал Кылычдароғлы сайлаушылардың 47,84 пайыз дауысын алды.

14 мамырда өткен сайлаудың бірінші турында кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыз дауыс жинай алмаған еді.

Ердоған осымен тағы да Түркияның президенті болып сайланды. Ол 2014 жылдан бері мемлекет басшысы болып келеді. Бұған дейін 1994-1998 жылдары Стамбул қаласының мэрі, 2003-2014 жылдары премьер-министр қызметін атқарды.

Ердоғанды президент сайлауындағы жеңісімен құттықтаған әлем көшбасшылары қатарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.

«Режеп Тайып Ердоғанды Түркияда өткен президент сайлауының екінші кезеңіндегі жарқын жеңісімен құттықтаймын. Елдерімізді тарихи достық және ынтымақтастық байланыстар біріктіреді. Осы жан-жақты ынтымақтастық стратегиясы одан әрі дами береді», – деп жазылған Президенттің Twitter-дегі құттықтауында.

Сондай-ақ кеше мемлекет басшылары телефон арқылы сойлесті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<