Ескертуге құлақ асқан абзал

5

0

Суға шомылу маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыстар жүргізілуде. Су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында рейдтік, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жандос Досымов мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірдегі су айдын­дарында азаматтардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда. Әсіресе жаз мезгілінде тұрғындардың өзен-көлдерге жиі баруына байланысты қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды.

– Су айдындарындағы қауіпсіздік мә­дениетін қалыптастыру – басты міндет­теріміздің бірі. Осы орайда департамент қызметкерлері полиция, жергілікті ат­қарушы органдар, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар, блогерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бір­лесіп жыл бойы профилактикалық және рейдтік жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері облыс аумағында 410 рейд ұйымдастырылып, 14 мыңнан астам тұр­ғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Оның ішінде 7 мыңнан астамы – жасөспірімдер. Профи­лакти­ка­лық жұмыстарға 210 ерікті тартылды. Соны­мен қатар, суға түсуге тыйым салын­ған 63 қауіпті аумаққа 398 ескерту тақтай­шасы орнатылды. Білім беру ұйымдарында 38 мыңнан астам оқушыны қамтыған 238 интерактивті және ашық сабақ өткізіліп, судағы қауіпсіздік қағидалары мен төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі түсіндірілді, – деді Жандос Ерланұлы.

Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады. Құтқарушылар тұрғын­дарды тек рұқсат етілген орындарда шомылуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

 «СБ» ақпарат