Солтүстік Америкада өтіп жатқан FIFA 2026 Әлем чемпионаты күн өткен сайын қыза түсуде. Топтық кезеңнің алғашқы матчтары жанкүйерлерге тартысты ойындар, күтпеген нәтижелер және тарихи жетістіктер сыйлады. Кейбір фавориттер сүрінсе, енді бірі өз мүмкіндігін паш етіп, футбол әлемін таңғалдырды.
К тобындағы басты кездесулердің бірінде Португалия құрамасы Конгомен ұпай бөлісті. Матчтың небәрі бесінші минутында Жоау Невеш есеп ашып, еуропалықтарды алға шығарған еді. Алайда бірінші таймға қосылған қосымша минуттарда Йоан Висса таразы басын теңестіріп кетті. Криштиану Роналду бастаған португалиялықтар ойын тізгінін қолға алуға тырысқанымен, жеңіс голын соға алмады. Нәтижесінде фаворит саналған ұжым алғашқы ойында-ақ маңызды ұпай жоғалтты.
Осы топтағы тағы бір кездесуде Колумбия құрамасы Өзбекстанды 3:1 есебімен жеңді. Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өткен матч Орталық Азия футболы үшін тарихи сәтке айналды. Ойынның 60-минутында Аббосбек Файзуллаев есепті теңестіріп, Өзбекстанның Әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы голын соқты. Дегенмен Луис Диас пен Хаминтон Кампастың дәл соққылары колумбиялықтарға жеңіс сыйлады.
L тобындағы алғашқы турда Англия құрамасы Хорватияны 4:2 есебімен жеңіп, турнирдегі ең тартысты матчтардың бірін өткізді. Арлингтондағы кездесуде Харри Кейн дубль авторы атанып, мундиальдардағы гол санын 10-ға жеткізу арқылы Англия аңызы Гари Линекердің рекордын қайталады. Сонымен қатар, Кейн Әлем чемпионаттары тарихындағы пенальтиден ең көп гол соққан футболшыға айналды. Англия сапынан Джуд Беллингем мен Маркус Рэшфорд та мергендік танытса, хорваттар сапында Мартин Батурина мен Петар Муса көзге түсті.
Осы квартеттің екінші ойынында Гана құрамасы Панаманы 1:0 есебімен жеңді. Торонто қаласында өткен кездесуде екі команда да бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, негізгі уақыт бойы есеп ашылмады. Матч тағдыры қосымша уақыттың соңғы сәтінде шешіліп, 95-минутта Калеб Ииренки жылдам қарсы шабуылды дәл соққымен аяқтады. Бұл оның Гана ұлттық құрамасы сапындағы алғашқы голы болып, командасына маңызды үш ұпай сыйлады.
А тобындағы Чехия мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы кездесу де жанкүйерлерді бейжай қалдырмады. Михал Садилек матчтың алтыншы минутында мергендік танытып, осы Әлем чемпионатындағы ең жылдам голдың авторы атанды. Чехтар жеңіске жақын тұрғанымен, 83-минутта Тебохо Мокоена пенальтиден мүлт кетпей, есепті теңестірді. Осылайша командалар бір-бір ұпайдан еншіледі.
В тобында Канада құрамасы турнирдегі ең ірі жеңістердің біріне қол жеткізді. Катар қақпасына жауапсыз алты доп соққан алаң иелері өз жанкүйерлеріне ұмытылмас кеш сыйлады. Матчтың басты қаһарманы Джонатан Дэвид болды. Ол хет-трик жасап, Әлем чемпионатында мұндай жетістікке жеткен алғашқы канадалық футболшы атанды. Кайл Ларин мен Натан Салиба да мергендер қатарынан көрінді. Тағы бір голда катарлықтар өз қақпасына соғып алды. Ал Катар құрамасы екі ойыншысынан айырылып, кездесуді тоғыз футболшымен аяқтады.
Бұл жеңістің канадалықтар үшін маңызы ерекше. Өйткені ұлттық құрама өз тарихындағы Әлем чемпионаттарындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін олар мундиаль алаңында бірде-бір рет үш ұпай еншілей алмаған еді.
В тобындағы тағы бір ойында Швейцария Босния және Герцеговинаны 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Бір қызығы, матчтағы барлық бес гол соңғы жиырма минут ішінде соғылды. Йохан Манзамби дубль авторы атанса, Рубен Варгас пен Гранит Джака да есеп тақтасына өз есімдерін жазды. Эмир Махмич босниялықтардың жалғыз голының авторы атанды.
Алғашқы турлар көрсеткендей, FIFA 2026 Әлем чемпионаты фавориттердің ғана додасы болмайын деп тұр. Қара құрлық өкілдерінің қарсылығы, дебютанттардың батыл ойыны және жұлдыздардың жаңа рекордтары турнирдің көркін қыздыра түсті. Алда жанкүйерлерді бұдан да қызықты матчтар мен күтпеген нәтижелер күтіп тұрғаны анық.
2026 жылғы футболдан Әлем чемпионаты алғашқы күндерден-ақ рекордтар мен тарихи оқиғаларға толы болуда. Турнирдегі ең үлкен қызығушылық Өзбекстан мен Колумбия арасындағы кездесуге ауып отыр. Бұл матчқа 74 мыңнан астам билет сатылып, топтық кезеңдегі ең сұранысқа ие ойын атанды.
Англия құрамасы да тарих парағын жаңартты. Ағылшындар Әлем чемпионатында 1966 жылғы атақты финалдан кейін алғаш рет қарсыласын 4:2 есебімен жеңді. Ал қос гол соққан Харри Кейн мундиальдардағы гол санын 10-ға жеткізіп, ұлттық құраманың аңызы Гари Линекердің рекордын қайталады.
Биылғы Әлем чемпионаты жүлде қоры бойынша да рекорд орнатты. Турнирдің жалпы сыйақы қоры 480 миллион долларды құрайды. Әлем чемпионы 46 миллион доллар иеленсе, топтық кезеңнен аса алмаған құрамалардың өзі кемінде 10 миллион доллар алады.
Сондай-ақ үш мемлекетте өтіп жатқан мундиальдың ерекше белгісі ретінде үш ресми талисман таныстырылды. АҚШ-тың қыраны Сэм, Канаданың бұғысы Элс және Мексиканың ягуары Хари жанкүйерлердің сүйіктісіне айналып үлгерді.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





