Хабарлама – монополияға қарсы әсер ету құралы

689

0

Бүгінгі таңда монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) болуы туралы хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) сияқты монополияға қарсы әсер етуқұралын белсенді қолданады.

Бұл құралдың мақсаты монополияға қарсы орган бұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтаған кезде тергеу жүргізбей және әкімшілік жауапкершілікке тартпай алдын алу шараларын қолдану болып табылады. Яғни, іс жүзінде бұл құрал Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуына жол бермеу үшін алдын алу шарасы ретінде қарастырылады.

2018 жылдың ортасына дейін хабарлама тек үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілеріне және тек осындай жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша берілді. Алайда 2018 жылдың ортасынан бастап бұл құралды жосықсыз бәсекелестіктің барлығы дерлік жағдайларына (үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану, нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері, нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы сатылас келісімдері), сондай-ақ мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) де қолдануыкеңейтілді.

Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабына сәйкес монополияға қарсы орган монополиялық жоғары баға белгілеу, нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері және экономикалық қызметті үйлестіру белгілерін қоспағанда, бұзушылықтардың барлық түрлері бойынша хабарлама жібереді.

Егер хабарламаны алушы онда көрсетілген бұзушылық белгілерін жойса алушыға қатысты монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылмайтынын және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайтынын атап өту маңызды. Хабарлама монополияға қарсы орган заңнаманы бұзу белгілерін анықтаған сәттен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жіберіледі. Өз кезегінде хабарламаны орындау және орындалуы туралы ақпарат беру мерзімі нарық субъектісі және (немесе) мемлекеттік орган осы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік 30 күнді құрайды.

Орындауға қосымша уақыт қажет болған кезде субъектілер орындау мерзімін тағы 30 күнтізбелік күнге ұзартуды сұратуға құқылы. Тиісті өтінішті бастапқы мерзім аяқталғанға дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей жолдау қажет.

Монополияға қарсы орган, егер нарық субъектісі және (немесе) мемлекеттік орган хабарламада көрсетілген әрекеттерді белгіленген мерзімдерде тоқтатпаса, сондай-ақ хабарлама шығарылған сәттен бастап күнтізбелік бір жыл ішінде нарық субъектісінің және (немесе) мемлекеттік органның іс-әрекеттерінде дәл осындай бұзушылық белгілері қайта табылған жағдайда монополияға қарсы орган тергеу жүргізу туралы шешім шығарады.

Осылайша, хабарламаны орындамау монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тергеу жүргізуге бастамашылық жасауына әкеп соғады.

Бұзушылық белгілерінің болуымен келіспеген жағдайда нарық субъектілері және (немесе) мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен сотқа жүгіне алады.

Соңғы бес жыл ішінде статистикаға сәйкес, хабарламалардың ең көп саны бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттер белгілері бойынша, содан кейін мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттері (әрекетсіздігі) белгілері бойынша, ең азы бәсекелестікке қарсы сатылас келісімдер бойынша жіберілген.

Қорытындылай келе, монополияға қарсы аудит жүргізетін және ішкі монополияға қарсы комплаенстің нақты актілері бар нарық субъектілерінің монополияға қарсы тәуекелдер мен қудалаудан қорғану мүмкіндіктері көбірек екенін хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау

және дамыту агенттігінің

Қызылорда облысы бойынша департаменті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<