Игілік бастауындағы іскер әйелдер

674

0

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында «Әйелдер көшбасшылығы» мектебі әлеуметтік жобасы аясында «Саяси жаңғыру: өзгерістер мен серпілістер» тақырыбында кездесу өтті. Жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов пен облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысты.

Кездесуде облыстық әйелдер кеңесінің төрағасы Райкүл Байназарова көшбасшылық мектеп жұмысымен таныстырды. Ш.Байманов «Саяси жаңғыру жолындағы Қазақстан: мәселелер мен мүмкіндіктер», Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының директоры М.Әйтімов «Әйелдер көшбасшылығы мектебінің перспективалары», «Көшбасшы әйелдер» мектебінің жетекшісі Ә.Әбдіқалықова «Саяси өзгерістер кезеңіндегі әйелдер көшбасшылығы», облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ж.Аманова «Мониторинг: әйелдерді дамыту жолдары» тақырыптарында ой бөлісті.

– Көшбасшылық мектебінің әйелдер қауымының біліктілігін арттыруға, олардың қай салада болмасын өз ісінің маманы ретінде қалыптасып, басшылық лауазымға дейін көтерілуіне тигізер ықпалы мол. Осындай игі бастаманы қолға алған облыстық әйелдер кеңесіне алғыс айтамын. Әйелдер қауымы ерлермен қатар тәуелсіз еліміздің дамуына зор үлес қосып, парасат пен пайымның, мейірімділік пен ізгіліктің ұйытқысы болып келеді. Бүгінгі күні билік пен мемлекеттік деңгейдегі басқарушы органдарда әйелдер үлесінің артуы – сіздердің қарымды қабілеттеріңіз бен іскерліктеріңіздің дәлелі, – деді Шахмардан Асқарұлы.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова кез келген салада жүрген, қоғамда өзінің лайықты орны бар әйел-аналар туралы пікірін білдірді.

– Аналарымыз бен аруларымыз – тек қана отбасының ұйытқысы емес, бүкіл ел ынтымағын нығайтып, несібесін молайтып жүрген қуатты күш. Олар қандай жағдайда да өздеріне артылған жұмысты тыңғылықты атқарады. Сондықтан бұл тұрғыда әйелдер іскерлігін ілгерілетудің, оларды кәсіпке бейімдеудің жөні бөлек, – деді ол.

Іс-шараға аудандық әйелдер кеңесінің төрағалары, көшбасшы әйелдер қауымы ZOOM платформасы арқылы қатысып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<