«Jas Otan»: Жұмысшы мамандықтарды насихаттау жобасы жүргізілуде

456

0

Бүгінде еліміздегі экономика және өндіріс салаларының дамуына байланысты жұмысшы мамандарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Осы ретте, 2017 жылдан басталған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру»  жобасы аясында жастарға алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алуға жағдай жасалған. Алайда, қазіргі таңда қоғамда жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары болғанмен де, жастар арасында аталған мамандықтарға сұраныс төмен деңгейді көрсетуде.

     «Jas Otan» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалы жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында жаңа жобаны бастаған болатын.

     Жобаның мақсаты – кәсіптік бағытта білім алушы жастардың тәжірибе жинақтауы мақсатында олардың жұмыс күшін көмекті қажет ететін топтың мұқтаждығын қанағаттандыру үшін пайдалану және кәсіптік мамандықтарды насихаттау болып табылады.               М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде 495 студент 12 мамандық бойынша білім алады.

     Оқу орны – білікті де, тәжірибелі оқытушылардан жасақталған.  Болашақ мамандар аталмыш оқу орнында теориялық біліммен қатар, практикалық тұрғыда терең білім алуда. Колледжде 20 оқу кабинеттері, 8 оқу өндірістік шеберхана мен 8 зертхана жастарға сапалы білім мен біліктілік беруге қызмет жасап келеді.    

     «Заман ағымымен бірге жастардың қарапайым мамандықтарды игеруге деген құлшынысы төмендеп, тіпті «жеңіл ақша тауып, жеңіл жұмыс жасасам» деген ниетінің басымдылығы еңбек адамының мәртебесін төмендетіп жібергендей көрінеді. Екінің бірі юрист, экономист, банкир болсам деп арман қуды. Бұл арманмен бірге уақыт өте келе елімізде инжинер, технолог, дәнекерлеуші, шаштараз, аспаз сияқты мамандар тапшы бола бастады. Сондықтан да өңірімізде мұндай мамандарға сұраныс артып, оларды даярлауда мемлекеттік гранттар көбейтілген» – дейді оқытушы шебер Батырбек Жұмахметұлы.

   «Дәнекерлеу» ісінің мамандарын даярлауда оқытушылар мен шеберлердің алатын орны өте зор. Себебі бұл мамандық күш пен жігерді, еңбексүйгіштікті, сақтықты, металл құрылымдарды дәнекерлеу кезінде үлкен жауапкершілікті қажет етеді. 

     «Жұмысшы мамандықтарды насихаттау» жобасының аясында «Дәнекерлеу ісі» мамандығының білім алушылары қоқыс салатын контейнерлерді құрастырып, Астана көшесінің бойына орналастарды.

     Бұл «Jas Otan» ЖҚ облыстық филиалының «Жұмысшы мамандықтарды насихаттау» жобасы аясында ұйымдастырып отырған кезекті шарасы.

     «Жуырда «Қызмет көрсету және сервис»  колледжі «Тамақтандыруды ұйымдастыру»  мамандығының білім алушылары  тәтті тоқаштар  пісіріп, ардагерлерге апарып, батасын алып қайтты. Сондай-ақ, «Тігін өндірісі және модельдеу» мамандығының студенттері төсек-орны жабдықтарын тігіп,  қаламыздың жалғыз басты қарттарына тарту етті.  Сырттай қарағанда бұл жұмысымыз қайырымдылық болып көрінуі мүмкін. Бірақ  біздің мақсатымыз жастарға кәсіптік білім алу тегін екенін көрсеткіміз келеді. Биылғы жылдан бастап техникалық бағытта білім алушы студенттер өз саласы бойынша өнімдер шығарып оларды сатып, табыс таба алады. Яғни колледж қабырғасында жүріп-ақ студенттер кәсіп жасауға дағдыланады. Осындай мүмкіндіктерді жастар арасында кеңінен ақпараттандыруды да қолға алдық» – дейді «Jas Otan» ЖҚ аймақтық филиалының кеңесшісі А.Какарманова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<